Жамбылдағы атыс: бірнеше оқ тиген екі ер адам ауыр жағдайда жатыр

Жамбыл облысындағы атыстан кейін жарақат алған екі ер адамның жағдайы ауыр. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне облыстың денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Мойынқұм аудандық орталық ауруханасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, 28 жастағы ер адамға бірнеше оқ тиген. Оған ашық бассүйек-ми жарақаты диагнозы қойылған, науқастың миы шайқалған. Бас, кеуде қуысы және оң білегіне оқ тиген. Маңдай-шеке тұсы мен оң білегінде басқа да жаншылған жарақат бар. Оң және сол санында көптеген кесіп-түйрелген жарақат бар. Жалпы жағдайы ауыр, жағдайы нашарлап жатқан жоқ.
Ал 26 жастағы науқастың сол білегі, сол саны және оң қолына оқ тиген. Жағдайы ауыр, денсаулығы нашарлап жатқан жоқ.
Қалған екі науқас хирургия бөлімінде жатыр. Біріне маңдайында жаншылған жарақат бар, енді бірінің оң қолына оқ тиген. Жағдайы тұрақты.
Айта кетейік, 29 шілдеде Жамбыл облысында атыс болып, 4 адам ауруханаға түсті.