Батыстың 15 елі Палестинаны мемлекет ретінде мойындау туралы ортақ үндеу жасады

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Х желісінде Палестинаны мемлекет ретінде тану туралы 15 мемлекеттің бірлескен мәлімдемесін жариялады.
Мәлімдемеде 2023 жылғы 7 қазанда Хамастың Израильге жасаған шабуылын қатаң айыптап, Хамастан тұтқындар мен қаза тапқандардың мәйітін ешқандай шартсыз дереу беруді, гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етеді.
Сондай-ақ Израиль мен Палестинаны екі тәуелсіз демократиялық мемлекет ретінде бейбітшілікте, қауіпсіз және халықаралық деңгейде мойындалған шекараларда қатар өмір сүретін екі мемлекет шешіміне деген берік ұстанымды қуаттайтыны айтылған.
Сыртқы істер министрлері мәлімдемені 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясындағы Мемлекет және Үкімет басшыларының кездесуі қарсаңында жасаған.
«Біз, Андорра, Аустралия, Канада, Финляндия, Франция, Исландия, Ирландия, Люксембург, Мальта, Жаңа Зеландия, Норвегия, Португалия, Сан-Марино, Словения және Испания сыртқы істер министрлері, Палестина мемлекетін мойындағанымызды немесе оны мойындауға дайын екенімізді немесе осы мәселеге оң көзқарас білдіріп отырғанымызды мәлімдейміз және мұны әлі жасамаған мемлекеттерді осы үндеуге қосылуға шақырамыз», – делінген үндеу мәтінінде.
Дипломаттар сонымен қатар Израильмен қалыпты дипломатиялық қарым-қатынас орнатпаған елдерді сол қадамға баруға,Израиль мемлекетін аймақтық ықпалдастыққа тарту жөніндегі диалогқа қатысуға ниет білдіруге үндейді.
Ұлыбритания, Франция және Қазақстан ұстанымы
Бұған дейін, Ұлыбритания Израиль айтқанына көнбесе, Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтынын хабарлады.
Оның алдында Франция Президенті Эммануэль Макрон Франция қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеген.
Қазақстан Газадағы қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде БҰҰ бекіткен «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құруды қолдайды. СІМ ресми өкілі мемлекет осы ұстанымнан айнымағанын жеткізді.
Палестинаның мемлекеттігі
БҰҰ қабылдаған қарарға сәйкес, Палестина жерінде еврейлер мен арабтар өз алдына жеке мемлекет құруға тиіс болған. Алайда 1948 жылы ресми түрде Израиль мемлекеті ғана құрылды. Ал Палестина жерінің бір бөлігі алдымен Мысыр пен Иорданияның бақылауына өтсе, кейіннен Израильдің иелігіне көшті. Кейін Палестина автономиясы құрылып, оның билігі Палестина мемлекетінің егемендігін халықаралық деңгейде мойындатуға ұмтылып келеді. Бүгінде БҰҰ-ға мүше 150-ге тарта мемлекет Палестинаны мемлекет ретінде таныған. Бүгінде Палестина жерінің бір бөлігін Израиль, бір бөлігін ХАМАС ұйымы бақылауында ұстайды.