Инсайдер iPhone 17-нің барлық түсін көрсетті

iPhone 17-нің релизі жақындаған сайын жаңа үлгі туралы түрлі инсайдерлік ақпарат шығып жатыр.
Солардың бірін Bluesky желісінде Сонн Диксон есімді қолданушы бөліскен. Ол ықтимал iPhone 17-нің түрлі түсті суреттерін көрсеткен. Ондағы қызғылт сары мен қою көк түс бұған дейін айтылған болжамға сай келсе, қызғылт түсті нұсқа алғаш рет көрсетілді.

Жарияланған нұсқаларда iPhone 17 мен iPhone 17 Air-дің қара түсті үлгілері алдыңғы iPhone 16 моделіне қарағанда әлдеқайда қою. Сонымен қатар көк пен қызғылт/күлгін түстердің реңі бұрынғы модельдермен салыстырғанда жұмсағырақ.
Суреттегі ашық алтын түсті iPhone 17 Air сәл қоңырқай болып көрінеді, ал көк түс бұрын «көк-сұр» деп аталған басқа реңкпен берілген.
Ақпаратқа сай, iPhone 17 Pro модельдері түстер жағынан iPhone 16 Pro-дан айтарлықтай өзгеше, себебі бұл жолы нақты қою көк пен қызғылт сары түстер қолданылған.
Аppleinsider.com Диксон жасаған үлгілер әдетте құрылғылардың шынайы түріне өте ұқсас келетінін атап өткен.
Apple компаниясы iPhone 17 желісін 9 қыркүйекте таныстырады деп күтіліп отыр. Шара барысында басты назар жаңа камера панелі мен iPhone Air моделіне аударылмақ.
Бұған дейін, Apple 2027 жылға қарай кемі алты жаңа iPhone шығаруды көздеп отырғаны туралы ақпарат шыққан. Ал күзде шығатын iPhone 17 Pro Max қуаты 35 сағатқа дейін жетеді деген де ақпарат бар.