Түлектер арасында қандай мамандықтарға сұраныс жоғары

Биыл 113 мыңға жуық талапкер бакалавриаттың білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берген. Олардың арасында аудармашы, мұғалім сияқты мамандықтарға бәсеке жоғары болғалы тұр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл 77 мыңнан астам грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған грант бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 2 412 грант бөлінген. Гранттар тізімінде Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған 2 500 мақсатты білім беру гранты бар.
Министрлік соңғы бірнеше жыл бойы ең сұранысқа ие білім беру бағыттары бойынша талапкерлердің таңдауы өзгеріссіз қалып отырғанын айтады.
«Өтініштердің көпшілігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес, болашақ аудармашылар, мұғалімдер, психологтар, дизайнерлер және заңгерлер арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс күтілуде», – делінген министрлік хабарламасында.
Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Ал грант иегерлерінің тізімі жарияланатын ресурстарды мына жерден көруге болады.