
Израиль Газа секторындағы «қорқынышты жағдайды тоқтату үшін елеулі қадамдар» жасамаса, Ұлыбритания қыркүйек айында Палестина мемлекетін мойындайды. Бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармер мәлімдеді, деп жазады ВВС.
Премьер-министрдің айтуынша, Израиль атысты тоқтатуға келісу, екі тараптың ортақ шешімін қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді және орнықты бейбітшілікке бейіл екенін таныту, БҰҰ-ға гуманитарлық көмекті қайта жеткізуге рұқсат беру сияқты өзге де талаптарды да орындауға тиіс. Әйтпесе, Ұлыбритания қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында нақты қадамға барады.
Кейр Газа секторындағы жағдайды жақсартып, гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз етуді көздеп отырғанын жеткізді.
Ұлыбритания Израильден қандай әрекет күтетінін нақтылай отырып, Израильді Батыс жағалауды аннексияламауға шақырды.
Кейр ХАМАС-қа да қайырылып, барлық тұтқындарды бірден босатуға, атысты тоқтату келісіміне қол қоюға, қарудан бас тартып, Газа билігіне араласпайтынын мойындауға үндеді.
Ұлыбритания премьер-министрінің мәлімдемесіне реакция білдірген Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Кейр сөздерін «ХАМАС-тың жантүршігерлік лаңкестігін марапаттау» деп сипаттады.
Ол бүгін Израиль шекарасында пайда болған жиһадистік мемлекет ертең Ұлыбританияға қауіп төндіреді деп санайды.
«Жиһадистік лаңкестерге деген ымырашылдық әрдайым сәтсіздікпен аяқталады. Бұл сені де құртады. Бұған жол берілмейді», – деген ол.
Сондай-ақ Мальта премьер-министрі Роберт Абела қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде Палестина мемлекетін мойындайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл шешім Нью-Йоркте Израиль мен Палестина арасындағы екі мемлекет құру мәселесін реттеуге арналған БҰҰ-ның Жоғары деңгейдегі конференциясы барысында жарияланады.
Бұған дейін Франция Президенті Эммануэль Макрон Франция қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеген.
Қазіргі таңда БҰҰ-ға мүше 193 елдің 140-тан астамы Палестинаның егемендігін мойындаған.
Қазақстан Газадағы көпжылғы қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде БҰҰ бекіткен «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құруды қолдайтынын білдірген.