Verny Capital Венадағы Ritz-Carlton қонақүйін дубайлық миллиардерге сатты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Арнайы жобалар редакторы
риц карлтон
Verny Capital Венадағы Ritz-Carlton қонақүйін дубайлық миллиардерге сатты/Фото: ritzcarlton.com, бильд-редактор: Милош Муратовский

Инвестициялық Verny Capital қорының меншігіндегі нысандар тізімінен Вена қаласындағы Ritz-Carlton қонақүйі алынып тасталды. Қор бұл активтің сатылғаны жөнінде ресми сайтында ешқандай мәлімдеме жасамаған. Алайда мәміле туралы ақпарат шетелдік БАҚ-та жарияланды. Олардың мәліметінше, бес жұлдызды люкс-қонақүйді әлемдегі ең биік ғимарат – Бурдж-Халифаны салған компанияның негізін қалаушы, миллиардер Мохамед Алаббар сатып алған.

2012 жылдың қаңтарында қазақстандық БАҚ «Верный Капитал» компаниясының иесі Болат Өтемұратов Аустрия астанасындағы Ritz-Carlton қонақүйін сатып алғанын хабарлаған. Содан бері актив Forbes Kazakhstan жариялайтын ең бай бизнесмендер рейтингісіндегі Өтемұратовтың профилінде тұрақты көрсетіліп келді.

2025 жылдың мамырында жарияланған байлар тізімінің ең соңғы нұсқасында Веналық Ritz-Carlton Өтемұратовтың иелігінде деп көрсетілген. Алайда интернет-архивке жүгінсек, 2025 жылдың ақпан айында Verny Capital-дың ресми сайтынан бұл қонақүй туралы ақпарат алынып тасталған. Ал мәміле туралы алғашқы жазбалар БАҚ-та 2025 жылдың наурызында шықтыШілде айында Ritz-Carlton сатылғанын аустриялық Forbes басылымы растады.

Forbes Austria дерегінше, қонақүйді дубайлық девелопер Мохамед Алаббар шамамен 110 миллион еуроға сатып алған. Жеке байлығы 2,2 миллиард долларды құрайтын Алаббар әлемдегі ең бай адамдардың ішінде 1 573-орында тұр. Оның Emaar Properties компаниясы әлемнің ең биік мұнарасы Бурдж-Халифаны салғанымен танымал.

Ал Болат Өтемұратов Forbes-тың жаһандық рейтингінде 3,7 миллиард доллармен 979-орынды иеленіп отыр.

2025 жылдың наурызында «Верный Капитал» тобы және оның серіктесі Әнуар Өтемұратов Burger King Kazakhstan франшизасын сатқанын мәлімдеген. Ал маусымда Verny Capital RG Gold алтын өндіруші компаниясын сату туралы келісімге қол қойған.

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойыншаБолат Өтемұратовтың ForteBank-тегі үлесі – 90,1%. Қазіргі уақытта бұл банк Home Credit банкін сатып алу процесін жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз