
Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамын жақсартты. Шілде айындағы шолуға сәйкес, 2025 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өседі деген болжам жасалған. Бұл бұған дейінгі 4,9 пайыздық болжамнан жоғары көрсеткіш.
Ал 2026 жылға арналған болжам өзгеріссіз 4,3 пайыз деңгейінде қалған.
Қор сондай-ақ АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ елдері және жаһандық экономика бойынша да өсім болжамдарын қайта қарап, жоғары бағытта жаңартты.
Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2025 жылы мұнайдың бір баррелі орта есеппен 68,18 долларды құрайды. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 64,33 долларға дейін төмендеуі ықтимал.
Салыстыру үшін айтсақ, сәуір айында 2025 жылға арналған болжам сәйкесінше 66,94 және 62,38 доллар болған (2024 жылы – 79,17 доллар).
Халықаралық валюта қорының мәліметінше, маусым айындағы бағаның көтерілуі Иран мен Израиль арасындағы соққыларға байланысты болған. Дегенмен мұнай жеткізу көлемі зардап шеккен жоқ. ОПЕК+ және өзге де өндіруші елдерден келетін жоғары ұсыныс сұраныстың әлсіз өсуінен асып түсіп отыр.
2025 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан экономикасының өсімі 6,2 пайызды құрады. Ұлттық банк ішкі сұраныстың күшеюі мен инвестициялық белсенділіктің артуына байланысты биылғы жылға арналған экономикалық өсім болжамын 5–6 пайыз аралығына дейін жоғарылатты.