
2025 жылдың шілде айында отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған заң жобасына Үкіметтің толықтай дерлік теріс қорытынды берген. Салалық одақтар альянсының хабарлауынша, бұл жоба азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық егемендікті нығайтуға арналған. Алайда, үкіметтенсалалық одақтар мен депутаттар күткен оң реакция болмады.
Импорт үстемдік еткен нарық
Заң жобасын ҚР Парламентаризм институты әзірлеп, Парламент депутаттары мен азық-түлік секторының салалық одақтарының қатысуымен Үкіметке ұсынған. Мақсат – супермаркет пен базар сөрелеріндегі қазақстандық өнім үлесін арттыру, отандық өндірісті қорғау. Бірақ бүгінгі таңда импорт өнімдерін сатудан көбірек пайда көретін жергілікті сауда желілері шетелдік тауарларға, әсіресе Ресей мен Беларусь өнімдеріне басымдық береді.
Үкіметтің теріс ұстанымы
Бастама бірнеше министрлік пен ведомствоның келісуінен өтті. Алайда жобаға барлық дерлік бағыт бойынша теріс қорытынды берілді. Бұл шешім салалық одақтар мен кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық туғызды.
Олардың айтуынша, бұл Үкіметтің отандық өндірушіні қорғау жолында күрделі келіссөздер жүргізуге дайын емес екенін көрсетеді.
Бәсеке тең емес
Салалық одақтардың есебінше, Қазақстанда азық-түлік өндірушілеріне берілетін мемлекеттік қолдау шамамен 5%-ды құрайды. Ал Ресейде – 10%, Беларусьте – 15%. Мұндай жағдайда қазақстандық тауар өзіндік құны жағынан автоматты түрде ұтылады. Бұл – протекционизмді қажет ететін ашық әділетсіздік, дейді сарапшылар.
Заң жобасы екі негізгі бөліктен тұрады:
- Сауда сөрелеріндегі басымдық – отандық азық-түлік тауарларына бөлшек саудада басым орын беру.
- Сұрқай импортпен күрес – сапасыз, күмәнді тауарлардың шекарадан санитарлық бақылаусыз өтуіне тыйым салу.
Мәселен, кейбір елдерден жарамдылық мерзімі ұзартылған, сапасы төмен өнімдер әкелінеді. Бұл тек өндірушілерге емес, тұтынушылардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді.
Бизнес үні: қолдауға емес, реттеуге мұқтажбыз
«Қазақстанның Сүт одағының» директоры Владимир Кожевников Үкіметтің бұл заң жобасын қолдаудың орнына, теріс пікір білдіруі күтпеген жағдай екенін айтады. Оның айтуынша, бюджет тапшылығы жағдайында салықты көбейту жолдарын іздеген Үкімет үшін бұл заң жобасы балама табыс көзі болар еді. Өйткені отандық өндіріс көлемін арттыру салық түсімдерін де арттырады.
«Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының» президенті Жібек Әжібаева да осыған ұқсас пікір білдіреді.
Ол отандық өндірушілерге қаржылай емес, реттеуші қолдау қажет екенін атап өтеді.
«Қазір біз жабайы нарық жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл жағдайды мемлекет бизнеспен бірлесе отырып өзгертуі керек», – дейді ол.
Одақтар үмітін үзбейді
Салалық одақтар заң жобасына Үкімет теріс қорытынды берді екен деп, бұл тақырыпты жаппақ емес. Керісінше, олар Мәжіліс депутаттары мен бейінді министрліктер өндірушілермен бірлесіп жұмыс топтарын құрып, осы күрделі мәселелерді халықаралық міндеттемелер аясында, бірақ ұлттық мүддені қорғай отырып шешуге мүмкіндік табады деп үміттенеді.