Қазақстан қор биржасынан тағы бір компания делистинг жасады

«Жалтырбұлақ» компаниясының қарапайым акциялары KASE-нің ресми тізімінен шықты. Ол алтын өндірумен айналысады. Бұл шешім эмитенттің өз бастамасымен қабылданған.
«Жалтырбұлақтың» қарапайым акциялары Қазақстан қор биржасының тізіміне 2021 жылы енгізіліп, сол жылдан сауда-саттығы басталған. Енді қарапайым акциялары KASE-де саудаланбайды.
Компания Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнар Досаева, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Жамалов, сондай-ақ кәсіпкерлер Берік Каниев пен Юрий Пакке тиесілі.
2025 жылдың басынан бері Қазақстан қор биржасынан (KASE) осымен жетінші компания делистинг жасады.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай үрдіске 2024 жылы бекітілген сауда көлеміне байланысты жаңа лимит себеп болуы мүмкін. Бұл лимитке қол жеткізген компаниялар дивидендтерден салық төлеуден босатылады, сондықтан техникалық листингтің тартымдылығы айтарлықтай төмендеген.
«Жалтырбұлақ» былтыр өз иелігіндегі екі кен орнын сатқан. Ал биыл наурызда Астана халықаралық қаржы орталығында AZM Zhaltyrbulak Limited атты жаңа компания тіркелді.