Сәрсеновтер отбасы «Нұрбанктің» 10% акциясын сатты

Жарияланды (жаңартылды )
Нұрбанк акцонерлерні қатарына жаңа адам енді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Дастан Шанай

2025 жылдың екінші тоқсанында Эльдар Сәрсеновке тиесілі JP Finance Group компаниясы «Нұрбанктің» 9,82% акциясын иелігінен шығарды. Енді компанияның банктегі үлесі 76,6%-ды құрайды. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған деректерден белгілі.

Сонымен қатар «Нұрбанктің» акционерлері қатарына Марко Блануша енді. Ол JP Finance Group сатқан дәл сол 9,82% акцияға ие болған.

Алайда «Курсив» басылымы Бланушаның нақты кім екенін анықтай алмады. Сондай-ақ бұл акциялардың нақты қанша сомаға сатылғаны белгісіз, себебі KASE-де оларға қатысты сауда-саттық болмаған.

Дегенмен 2025 жылғы 1 сәуірдегі банктің жарғылық капиталы 147,6 млрд теңге екенін ескерсек, Блануша бұл үлесті шамамен 14,5 млрд теңгеге сатып алған болуы мүмкін.

«Нұрбанк» 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін банк экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиевтің бақылауында болған.

JP Finance Group пен Бланушадан бөлек, банктің тағы бір ірі акционері бар – JA Collection Company (5,87%). Бұл компанияның құрылтайшысы – қазақ жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың қызы Жаннат Нұршайықова.

Эльдар Сарсенов – миллионер Рашит Сәрсеновтің ұлы. Ол Forbes Kazakhstan журналының 2024 жылғы ең ықпалды кәсіпкерлер рейтингінде 42-орында. Ал Сарсеновтер отбасының байлығы 980 миллион долларға бағаланып, 2025 жылғы ең бай отбасылар рейтингінде 9-орынға ие болған.

Сондай-ақ оқыңыз