Несие алғысы келгендерге ескерту: күзде жаңа ереже күшіне енеді

2025 жылдың күзінен бастап Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несие беру ережелері өзгереді. Бұл шаралар азаматтарды алаяқтықтан қорғау және несие алудағы қауіпсіздікті арттыру үшін енгізілген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі күзде қандай өзгерістер өз күшіне енетінін талдап өтті.
Несие аларда банк бөлімшесіне келу міндетті
Кепілсіз тұтынушылық несиені алғаш рет рәсімдейтін азамат енді банкке немесе микроқаржылық ұйымның кеңсесіне өзі келу керек. Бұл адамның жеке басын көзбе-көз растау үшін қажет.
Жас шектеуі енгізіледі
Жасы 21-ге толмаған немесе 55 жастан асқан азаматтарға онлайн несие беру тек олардың арнайы келісімімен жүзеге асады.
Мұндай келісімді олар eGov.kz порталы арқылы немесе кредитор қосымшасы мен басқа да мемлекеттік жүйелер арқылы бере алады. Бұл топтағы азаматтарға несиені өз еркімен алғанын растау маңызды.
«Салқындату кезеңі» енгізіледі
Тағы бір маңызды өзгеріс – несиені бірден беруге тыйым салу. Енді келісімшартқа қол қойылған соң, бірден ақша берілмейді. Алдымен белгілі бір уақыт – «салқындату кезеңі» өтеді.
Осы уақыт біткен соң, клиент қайта келісім берсе ғана несие рәсімделеді. «Салқындату кезеңі» туралы норма заң жарияланғаннан кейін 90 күннен соң күшіне енеді.
Алаяқтықпен рәсімделген несиелер кешіріледі
Жаңа заң бойынша енді кейбір жағдайда алаяқтар рәсімдеген несиелерді сотқа жүгінбей-ақ есептен шығаруға болады. Бұл үшін екі шарт орындалуы керек:
- Құқық қорғау органдары азаматты ресми түрде жәбірленуші деп таныса;
- Несие беруші тарап ережелерді бұзып, мысалы, биометриялық сәйкестендіру жүргізбесе немесе клиенттің келісімін алмаса.
Мұндай жағдайда несие сотсыз кешірілуі мүмкін. Ал егер алаяқтық күрделі сипатта болса: бөгде адам клиенттің дербес мәліметтерін заңсыз қолданып несие рәсімдесе, қарызды сот арқылы есептен шығаруға болады.
Банктерге қосымша өкілет беріледі
Алаяқтық күдігі туындаған жағдайда, банк немесе МҚҰ клиенттің шотындағы шығыс операцияларын 5 жұмыс күніне дейін уақытша тоқтата алады.
Сонымен қатар, егер клиент немесе оның серіктесі Антифрод-орталықтың «қара тізіміне» енген болса, банк олармен операция жүргізуден бас тартуға құқылы.