Автокөлікке детейлинг жасау: заң не дейді, бағасы қанша, қандай тәуекелдер бар

Жарияланды
Көлікке детейлинг жасағанда сақ болыңыз / Фото: shutterstock

Қазақстандық кей жүргізушілер көлігін ерекшелендіргісі келетіні жасырын емес. Бірі бамперін ауыстырады, бірі ерекше дискілер қояды, енді бірі спорттық дыбыс бәсеңдеткіш орнатады. Алайда кейбір өзгерістер заңға қайшы келуі мүмкін. Kursiv.Media тілшісі бұл мақалада тюнинг пен детейлингтің айырмашылығы, не рұқсат етілетіні, неге айыппұл салынатыны, бағалар мен кең таралған жаңсақ пікірлерге тоқталды.

Тюнинг пен детейлингтің айырмашылығы неде?

Тюнинг – көліктің бастапқы техникалық немесе сыртқы сипаттамасын өзгерту. Бұл қозғалтқышты ауыстырудан бастап, шанаққа аэрография салуға дейінгі аралықты қамтиды.

Детейлинг – көлікке кәсіби күтім көрсету қызметі. Мысалы, бояу жабынын жылтырату, салонды химиялық тазалау, шанақты керамикалық қорғаныспен қаптау немесе арнайы пленка жапсыру.

Детейлинг көліктің құрылымына әсер етпейді, сондықтан ол заңмен шектелмейді. Ал тюнинг жағдайында бәрі күрделірек.

Қазақстан заңнамасы не дейді?

Қазақстанда көліктің құрылымына қандай да бір өзгеріс енгізілсе, оны Ішкі істер органдары міндетті түрде мақұлдауы қажет.

Міндетті түрде тіркелетін өзгерістер:

  • Рөлді ауыстыру
  • Газ қондырғысын орнату
  • Қозғалтқыш немесе беріліс қорабын ауыстыру
  • Бампер, жарықшам, тежегіш жүйесін талаптан өзгеше тыс етіп орнату
  • Көліктің биіктігін төмендету немесе көтеру

Тіркеуді қажет етпейтін жұмыстар:

  • Шанақты пленкамен қаптау (егер түсі өзгермесе)
  • Мемлекеттік стандартқа сай тонер (қоюлығы шектеулі)
  • Салон ішіндегі жарық, дефлектор, спойлер секілді бөлшектер
  • Детейлинг қызметтері (жылтырату, тазалау, керамикалық қорғаныс)

Ескерту: егер көліктің түсін пленка арқылы түбегейлі өзгерткен болсаңыз, 7 жұмыс күні ішінде тіркеу куәлігіне өзгеріс енгізу қажет.

Бағалар мен бюджет турасында

Баға қызметтің түріне, көлік маркасына және орындалу сапасына байланысты әртүрлі.

Тюнинг (нарықтағы орташа баға)

  • Бампер, фара орнату – 80 000 теңгеден
  • Көлік биіктігін өзгерту – 200 000 теңгеден
  • Қозғалтқышты чиптеу – 100 000 теңгеден
  • Спорттық дыбыс бәсеңдеткіш орнату – 150 000 теңгеден басталады

Детейлинг (нарықтағы орташа баға)

  • Керамикалық қорғаныс – 100 000 теңгеден
  • Жылтырату + пленкамен қаптау – 180 000 теңгеден
  • Химиялық тазалау – 30 000 теңгеден
  • Терезелеріне антижаңбыр жасату – 10 000 теңгеден басталады

Қандай тәуекелдер бар?

Тюнинг жасатамын деп, заң талаптарын ескермейтіндер келесі жағдайларға тап болуы мүмкін:

  • 15 АЕК-ке дейін айыппұл (шамамен 55 000 теңге)
  • Көлікті есептен шығару – заңға сай келмейтін өзгерісті жойғанға дейін
  • Сақтандыру төлемінен бас тарту – апат себебі техникалық өзгеріске байланысты болса
  • Сату кезінде қиындықтар – тюнинг жасалған көлікті рәсімдеу қиынырақ

Заңды тюнинг жасау үшін не істеу керек?

  1. Қандай өзгеріс заңмен рұқсат етілгенін нақтылап алыңыз.
  2. Қызмет көрсету орнына сенімді болыңыз. Міндетті түрде келісімшарт жасаңыз.
  3. Құжаттарды дер кезінде жаңартыңыз.
  4. Арзан қызметке жүгірмеңіз, сапа – басты фактор болуы шарт.
  5. Техникалық тексерістен сәтті өту үшін алдын ала қам жасаңыз.

Көлігіңізге тюнинг немесе детейлинг жасау – өзіңізге және көлігіңізге деген көңіл бөлудің көрінісі. Бірақ заң нормаларын бұзбай, бәрін дұрыс жасап, қажет болған жағдайда құжатпен бекітіп отыру маңызды.

Айта кететіні, былтыр автокөлік диллерлері темір тұлпар сатқанда қосымша жабдықтар, аксессуарлар мен өзге де қызметтерді таңып, сол үшін айыппұл арқалаған еді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл заңсыз деп хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз