«Қайраттың» УЕФА Чемпиондар лигасындағы келесі қарсыласы анықталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қайрат Чемпиондар лигасында келесі ойынды кіммен ойнайды / ФК Қайрат баспасөзі

Алматылық «Қайрат» футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасындағы келесі қарсыласы анықталды. Үшінші іріктеу кезеңінде команда Словакияның көп жылдық тарихы бар «Слован» Братиславамен кездеседі. Алғашқы матч 6 тамыз күні Алматыда өтеді. Басталуы сағат 20:00-де. Қарымта ойын 13 тамызда Словакия астанасында, Алматы уақытымен 23:15-те басталады.

«Слован» — Словакияның қазіргі чемпионы және ел тарихындағы ең табысты клубтардың бірі. Команда 23 рет чемпион атанып, 17 рет ұлттық кубокты жеңіп алған. Қазіргі бас бапкері қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Владимир Вайсс 2012 жылдан 2015 жылға дейін «Қайраттың» бас бапкері болып, команданы бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарына шығарған және екі рет Қазақстан Кубогын жеңіп берген. Дегенмен сол жылдары «Қайрат» ел чемпионы бола алмай, Вайсспен келісімшарт ұзартылмаған еді.

Айта кетейік, 2015 жылы Вайсстың жетекшілігімен «Қайрат» Еуропа лигасының іріктеу кезеңдерінде жарқырап өнер көрсетіп, Абердин, Црвена Звезда, Алашкерт секілді қарсыластардан өтіп, төртінші раундта Францияның «Бордо» клубымен күш сынасты. Дәл осы Вайсстың кезіндегі маусым жанкүйерлердің есінде ерекше қалғаны сөзсіз.

Енді араға он жыл салып, Вайсс қайтадан Алматыға оралады – бұл жолы қарсылас ретінде.

Бұған дейін «Қайрат» бірінші раундта Словенияның «Олимпия» клубын жеңсе, екінші кезеңде Финляндияның «КуПС» командасынан басым түсті.

Сондай-ақ оқыңыз