
Танымал әнші әрі қазіргі уақытта дін жолында жүрген Рүстем Жүгінісов Ақтөбедегі мешітте болған даулы жағдайға қатысты өз пікірін білдірді. Мирас Жүгінісовтің ағасы соңғы кездері өнер сахнасынан гөрі мешіттерде азан айтып, әлеуметтік желіде дін тақырыбында жиі көзге түсіп жүр.
Еске сала кетейік, Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» мешітінде орамал таққан бойжеткенге белгісіз ер адам интимдік ұсыныс айтып, «бір реттік неке» жасайық деп тиіскен болатын. Бұл жайт қоғамда қызу талқыланып, үлкен наразылық тудырды.
Осыған байланысты пікір білдірген Рүстем Жүгінісов:
«Бір реттік немесе екі күндік неке деген дінде жоқ. Бұл – өтірік нәрсе. Адамдарды шатастырмау керек», – деп нақты айтты.
Алайда әншінің әрі қарай айтқандары желі қолданушылары арасында қызу талқы туғызды. Ол қыз-келіншектерге мешітке кешкі уақытта бармауға кеңес беріп:
«Егер мешітте солай жүрсеңіздер, ер адамдар жаман ойға кетеді. Сондықтан абай болыңыздар. Намазды кешке үйде оқыған дұрыс», – деді.
Кей желі қолданушылары бұл пікірді «қызды кінәлау», «жағдайға үстірт баға беру» деп қабылдап, қарсы көзқарастарын білдірді.
Ал бұл оқиға бойынша Ақтөбе қалалық полициясы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 449-бабы 2-бөлігі — «Қоғамдық орында тиісу» бойынша хаттама толтырып, материалды сотқа жолдаған. Жәбірленушінің айтуынша, 29 шілде күні өткен сот шешімімен ер адам бес тәулікке қамалды.