Карина Абдуллинаның «Сен мұңыңды бер маған» әні Мейрамбек Беспаевқа арналған ба

Жарияланды 30 Шілде 2025 16:03

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Сен мұңыңды бер маған» әні Мейрамбекке арналған ба? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Белгілі әнші, композитор әрі актриса Musicola тобының мүшесі Карина Абдуллинаның көпшіліктің жүрегінен орын алған туындыларының бірі — «Сен мұңыңды бер маған» әні. Бұл ән алғаш рет тыңдарманға ұсынылған сәттен бастап, шынайы эмоциясымен, лирикалық мазмұнымен және терең мағынасымен ерекшеленді. Әннің сөзі – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Шөмішбай Сариевке тиесілі, ал әуенін Каринаның өзі жазған.

Бұл ән Мейрамбек Беспаевқа арналды ма?

Ел арасында бұл ән белгілі әнші Мейрамбек Беспаевқа арналған деген әңгіме бар. Тіпті әннің бір жерінде Каринаның даусы «мейрам, мейрам» деп сыбырлағандай естіледі. Алайда бұл туралы әншінің өзі нақты мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен, Карина мен Мейрамбектің өнер жолындағы ара-қатынасы мен сахнадағы серіктестігі тыңдармандар назарынан тыс қалған емес.

Екі әншінің бірігіп шырқаған «Өмірде солай» атты туындысы да ел есінде. Бұл әнді де Карина Абдуллина жазған, ал сөзін ақын Ринат Зайытов қаламынан туған. Онда:

Екі бөлек ағыспыз,
Жақында емес алыспыз,
Сезіміміз адасқан, бақытымыз бағытсыз…

деген секілді жүрекке жетер жолдар бар. Ән тағдыр тоғыспаған екі жанның ішкі күресін, сезім мен шындықтың қайшылығын бейнелейді.

Айта кету керек, дәл осы әнге қатысты 2021 жылы Informburo.kz сайтына берген сұхбатында Карина Абдуллина былай дейді:

Мен сол адамға тамсанып, әсерленіп, шабыт алған соң, жақсы бір шығарма жазуым мүмкін. Өмірімде мұндай сәттер көп болды. Оған «Мюзиколаның» репертуарындағы жүзден астам ән дәлел бола алады. Мысалы, «Певица и саксофон» әні курортта бір жігітті ұнатып қалған кезімде жазылған. Ал қазір «сол кезде кімді ұнатып қалдыңыз?» деп сұрасаңыз, ол адамды еске түсіре алатыныма күмәнім бар. Сондықтан, менде ұнату сезімі көп болды дер едім», – деп жауап берген.

Сондықтан болар, әннің қайырмасында «ұнату оңай, ғашық болу қиын» деген сөздер де кездеседі.

«Сен мұңыңды бер маған» – фильм саундтрегі ретінде

Айта кетейік, бұл ән «Мұстафа Шоқай» фильміне де саундтрек ретінде таңдалып алынған. 2009 жылы Карина режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың шақыруымен фильмде Мұстафаның жары — Мария Горинаның рөлін сомдаған. Жобамен жұмыс барысында режиссер әншінің бірнеше әнін тыңдап, дәл осы әнді таңдап, оны фильмге бейімдеу идеясын ұсынған. Осылайша «Сен мұңыңды бер маған» тек махаббат жайлы ән емес, тарихи драмаға да үйлесетін терең мазмұнды туынды ретінде таныла бастады.

«Сен мұңыңды бер маған» — махаббат, адалдық, сағыныш пен ішкі мұң жайлы әсерлі туынды. Кімге арналса да, тыңдарманның жүрегінен орын тапқаны анық. Ал оның шығу тарихы мен артындағы сыр көпшілікті қызықтыра түсетіні сөзсіз. Карина Абдуллина бұл ән арқылы өз ішкі күйін ғана емес, мыңдаған адамның жан дүниесін қозғай алды.

Еске сала кетейік, Карина Абдуллина 1992 жылдан бастап гитарист Болат Сыздықовпен бірге «Мюзикола» атты әйгілі дуэттің әншісі болды. Бұл шығармашылық тандем Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де кең танымалдыққа ие болды.

Сондай-ақ оқыңыз