Назарбаев әулеті тартып алған 9000 гектар жер мәселесі парламентте көтерілмек

Назарбаев әулеті жергілікті тұрғындардан тартып алған Алматы облысындағы 9000 гектар жер мәселесі парламентте көтеріледі.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мәлімдеді. Ол Назарбаев әулеті деп Ахметжан Есімов пен Сергей Терешенконы атап отыр.
«Назарбаевтардың ашкөздігінен қиянат көріп, әлі күнге дейін әділет іздеп жүрген халық бар. Ол Қазақстанда 90-жылдары жүргізілген жаппай жекешелендіру саясатынан үлес (пай) ала алмаған жалғыз шаруашылық – Каменское мал асылдандыру совхозының (Алматы облысы, Қарасай ауданы) жұмысшылары», – деді Ермұрат Бапи.
Оның пікірінше, жергілікті тұрғындар 25 жыл бойы қудаланып, соттасып, өздеріне заң бойынша тиесілі жер телімдерін ала алмай жүр.
«Себеп біреу-ақ: Каменское совхозы орналасқан Алматы қаласының дәл іргесіндегі (Райымбек кенті мен Алматының екі ортасындағы) 9000 гектар жерді Назарбаевтар кланы – Ахметжан Есімов пен Сергей Терешенко совхозшылардан заңсыз тартып алған!», – дейді депутат.
Ермұрат Бапи «әділет іздеушілер» мен олардың адвокаты Әсел Мержақыптың шақыруымен кезекті өткен сотқа барып қатысқан. Алайда сотта бұрынғы совхоздың пайшылары тағы да жеңілген.
«Бірақ біз бұл әлеуметтік әділетсіздіктен туған қиянатты бұлай «жылы жауып» қалдыра алмаймыз! Парламенттің осы күзгі сессиясында мен көтеретін тақырыптың бірі осы болады!», – деп уәде берді депутат.
Мұның алдында Испания теңізге апарар жолды Назарбаевтың қызынан тартып алғаны туралы ақпарат шыққан еді.