Шымкентте дуакеш сот залына келіп, алқабилерді сиқырламақ болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Алқа билер дуакешті соттан шығаруды талап еткен / фото: ЖИ
Алқабилер дуакешті соттан шығаруды талап еткен / фото: ЖИ

Шымкентте дуакеш сот залына келіп, алқабилерді дуаламақ болған. Бұл туралы журналист Ораз Әлімбек хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда, Шымкентте ҰҚҚ қалалық департамент басшысының бұрынғы орынбасары М.Сарбасовқа қарсы сот болып жатыр. Ол «Риана» жекеменшік мектебінің директоры Эльмира Дүйсенқызының арызы бойынша айыпталғаны мәлім. Сот алқабилердің қатысуымен ашық өтуде.

Тосын оқиға

Шымкентте өтіп жатқан осы сотқа тыңдаушылардың бірі болып бір дуакеш кірген көрінеді.

«Кеше мен де сотқа тыңдаушы болып қатыстым. Ал 24-25 шілде күні сотқа тыңдаушы ретінде бір дуакеш келіпті. Ол алқабилерге қарсы жаққа отырып алып, аузы-мұрнын қисайтып әртүрлі әрекет жасаған. 25 шілде күні саусағын мұрнына тығып, тырнағына ілінген бірдеңені алқабилерге қарай шертіпті», – дейді Ораз Әлімбек.

Алқабилер қорқынышы

Журналистің сөзіне қарағанда, әбден ызаланған алқабилер үзіліс кезінде судьядан әлгі дуакешті сот залынан шығарып жіберуді өтінген. Онсыз сот залына кірмейтінін, дуаланып қалудан, дуакештің сиқырынан қорқатынын айтыпты.

Судья болса, бұл талапты жерге тастамай, онымен жеке сөйлесіпті. Оның тыңдаушы ретінде сотқа қатысуға хақы барын, бірақ алқабилердің талабын орындамаса болмайтынын айтып, оны сот залынан әупірімдеп шығарып жіберген.

Кім жалдағаны беймәлім қалған

Шымкентте дуакештердің тылсым күшке ие екеніне алқабилердің де қатты сенетіні аңғарылып отыр.

«Қазір сотқа қатысушылар әлгі дуакешті кім жалдағанын түсінбей дал болып отыр», – дейді Ораз Әлімбек. Ол Шымкентте дуа жасату кең тарағанын, дуакештердің көп екенін айтып, қынжылыс білдірген.

Мұның алдында Шымкентте тәуіп сот барысында судьяны сиқырлап тастағанын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз