
Сәрсенбі, 30 шілдеде Қазақстан қор биржасында (KASE) 1 доллардың ресми бағамы 546,36 теңге болды. Ұлттық банк (ҰБ) саудаға араласып, миллиардтаған қаражат жұмсаса да, төл валюта 4 теңгеге құнсызданды.
Естеріңізге сала кетейік, сәрсенбіде доллар бағамы 550 теңгеден асып жығылған. Екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау мекемелері көк қағазды одан да қымбатқа сатты. KASE-нің өзінде таңертеңгі сауда барысында ресми бағам 550 теңгеге жетті.
Содан кейін ғана Ұлттық банк қор биржасындағы саудаға араласты. Бір тәуліктің ішінде KASE-де валюта саудасына шамамен 230 млрд теңге, яғни 420 млн доллар жұмсалды.
ҰБ интервенция жасауға мәжбүр болғанын мойындаса да, теңгенің құнын ұстап қалу үшін нақты қанша қаражат жұмсалғанын жарияламады. Дегенмен валюта саудасына түскен қаражатқа қарап-ақ, қадағалаушы мекеме кем дегенде 200 млн доллар құйды деуге негіз бар. Себебі биржадағы операциялар құны кешегі көрсеткіштен екі есе асып түсті. Өйткені бір күн бұрын – 29 шілдеде 202 млн долларға валюта саудасы жасалған. QAMS қауымдастығы да осылай деп болжайды. Ұлттық банк инвервенцияға тағы қанша қаражат бөлетіні әзірге белгісіз.
Қаржы нарығын қадағалаушы мекеме араласқанына қарамастан, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы әлі де болса жоғары болып тұр. Доллар бір тәулікте 4,09 теңгеге қымбаттады. Айта кетейік, 2025 жылғы наурыздың ортасынан бері ұлттық валюта шамамен 60 теңгеге құнсызданды.
Kurs.kz мәліметінше, Алматы қаласындағы ақша айырбастау мекемелерінде 1 доллар 543 теңгеден қабылданып, 546 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласындағы бағам, әдеттегідей, сәл қымбатырақ – 541 және 549 теңге.