Камчаткада жер сілкініп, Тынық мұхитта цунами басталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Жапонияда цунами қаупі жоғары / фото: REUTERS/Issei Kato
Жапонияда цунами қаупі жоғары / фото: REUTERS/Issei Kato

Сәрсенбі, 30 шілдеде, Ресейдің Камчатка түбегі жағалауында магнитудасы 8,8 балл жер сілкінісі тіркелді. Қуатты дүмпу биіктігі 4 метрге жететін цунами туғызды. Тынық мұхитқа шектесетін елдерде эвакуация жүріп жатыр. Бұл туралы Reuters хабарлайды.

Ресейдің шалғайдағы өңірінде жер сілкінісінен бірнеше адам жараланды. Жапония шығыс жағалауында тұратын халықты қауіпсіз жерге көшіре бастады.

Мәліметтерге қарағанда, Камчаткада цунами 3-4 метрге дейін жеткен. Ресей билігі жағалаудағы адамдарға құрлыққа қарай жылжуға кеңес берді.

АҚШ геология қызметінің хабарлауынша, жер сілкінісі шамамен 19,3 км тереңдікте, Петропавловск-Камчатка қаласынан 119 км қашықтықта тіркелді. Бұл қалада 165 мың адам тұрады.

Жапония метеорология агенттігі цунамидің биіктігі 3 метрге дейін жететінін ескертіп жатыр. NHK телеарнасы көрсеткен кадрларға қарағанда, Хоккайдо аралында ондаған адам үйдің шатырында отыр.

TEPCO операторы 2011 жылы цунамидан зардап шеккен «Фукусима» АЭС-індегі адамдар эвакуацияланғанын хабарлады.

АҚШ-та да цунами келе жатқанын ескертті. Оның толқындары үш сағатта Америка жағалауларына жетеді. Гавай аралдары, Чили және Соломон аралдарында су тасу қаупі жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз