Қорғаныс министрі EC-145 еурокоптеріне ұшуға тыйым салды

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Сорбұлаққа барып, бес күн бұрын жоғалған әскери тікұшақты іздеу жұмысының барысымен танысты. Оның айтуынша, апат себебі анықталмайынша, EC-145 еурокоптеріне ұшуға тыйым салынады.
«Еурокоптерлердің бәрін қолдану уақытша тоқтатылды. Жоғалған тікұшақты таппайынша, апат себебін анықтамайынша, олар ұшпайды. Біз әлі апат себебін білмейміз», – деді Сорбұлақта жүрген министр.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жариялаған суреттер мен видеоларда Сорбұлақ аумағына құлаған тікұшақтың қалдықтарын көруге болады. Бұған қоса, су қоймасынан экипаж мүшелерінің жеке заттары табылған. Жоғалған азаматтардың туыстары оны растаған.
«Іздеу жұмыстарына су асты рельефі мен түбінің шөгінді, тереңдігінің өзгермелі және судың лай болуы кедергі келтіріп жатыр. Алайда, 25 шілдеде жоғалып кеткен Әуе қорғаныс күштері EC-145 тікұшағының бортында болғандардың қай жерде екенін анықтау бойынша ауқымды іздеу-құтқару операциясы күндіз де, түнде де тоқтамайды, – деді Қосанов.

Авиация генерал-лейтенанты жоғалған ұшқыштардың туыстарымен кездесті. Министр оларға қолдау білдіріп, операция тәулік бойы жалғасатынын, барлық ресурстар жұмылдырылғанын және әскерилер жолдастарын табу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.
«Біз соңына дейін әрекет етіп, іздеуді жалғастырамыз. Жақын туыстарына жан-жақты қолдау көрсетіледі, күн сайын байланыстамыз. Қайғылы жағдайдың себептерін анықтау және жоғалғандарды табу үшін бар күшімізді саламыз», – деді қорғаныс министрі.
Жоғалған тікұшақ экипажының командирі Нұржігіт Үйсенбаевтің ағасы Медет Ержігіт те Сорбұлақта жүр. Оның айтуынша, таңертеңнен кешке дейін ұшқыштардың туыстары жедел штаб орналасқан іздеу орнында болды. Олар іздеу тобының құрамында Сорбұлақ көлін айналып өтіп, әуеден тікұшақтың су түбінен көру мүмкін еместігіне көз жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, іздестіру операциясына 400-ден астам адам, кинологиялық топтар, 70-тен астам жерүсті техникасы, 21 жүзу құралы, эхолоттар, суасты сканерлеу құралдары жұмылдырылған.
Сорбұлақ – ТМД аумағындағы ең ірі қолдан жасалған су қоймаларының бірі. Оның тереңдігі 22 метрге жетеді.