Тоқаев Түркияның ең жоғарғы мемлекеттік сыйлығымен марапатталды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ең жоғарғы мемлекеттік сыйлығы – «Devlet Nişanı» орденімен марапатталды. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Тоқаев түрік орденін алу зор мәртебе екенін айтып, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді.
«Мен отандық немесе шетелдік орден және басқа да марапаттарды қабылдаудан бас тарттым. Алайда бүгінгі Сіздің шешіміңіздің мән-маңызы ерекше деуге болады. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы жылнамасындағы мағынасы терең тарихи оқиға», – деп мәлімдеді президент.
Сонымен бірге мемлекет басшысы Ердоғанды әлемдік деңгейдегі көреген, ықпалды, аса көрнекті саясаткер, өңірлік және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосып отырған тарихи тұлға деп атады.
«Парасатты саясатыңыз бен ел мүддесін ілгерілету жолындағы табанды әрі қажырлы еңбегіңіздің арқасында осындай абырой биігіне шықтыңыз. Түркияның бүкіл дүниежүзіндегі беделі ешкімнің күмәнін тудырмайды», – деді Тоқаев.
Ақорда мәліметінше, қазір Қазақстанда 4 мыңға жуық түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. 12 мыңнан астам қазақстандық студент Түркияда білім алып жүр. Былтыр осы елге Қазақстанның 800 мыңға жуық азаматы сапарлап барды, ал биыл бұл көрсеткіш 1 миллионнан асуы мүмкін.
Режеп Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға Тоқаевтың өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
«Қымбатты бауырым Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы басшылығымен Қазақстан өз аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың мекеніне айналды. Қазақстанның жетістіктерін біз әрқашан мақтан тұтамыз», – деді Түркия президенті.
Салтанатты жиынға 80-ге жуық дипломатиялық корпус өкілдері, Түркияның қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалары мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары аяқталды.