Жаңалықтар

Трамп украин босқындарына соғыс аяқталғанша АҚШ-та қалуға рұқсат берді

фото: shutterstock
фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, украин босқындарына соғыс аяқталғанша Құрама Штаттарда қалуға рұқсат беріледі. Бұл туралы Kyiv Post басылымы хабарлайды.

«Біз солай жасаймыз. Штаттарда Украинадан келген азаматтар көп. Біз олармен жұмыс істеп жүрміз», – деді Трамп Ақ үйдегі журналистерге.

Президенттің мұндай мәлімдемесін көпшілік күтпеген. Себебі Трамп билікке келгелі бері елдегі көші-қон саясатын күшейткен.

2022 жылғы сәуірде Құрама Штаттардың сол кездегі президенті Джо Байден «Украина үшін бірлік» (U4U) бастамасын көтерген. 240 мыңнан аса украин азаматы, осы бағдарламаны пайдаланып, АҚШ-қа өткен.

Алайда олар Трамп әкімшілігінің көші-қон саясатына алаңдап жүрді. Өйткені бұған дейін Ақ үй украин босқындарының уақытша мәртебесін алып тастауы мүмкін екені айтыла бастаған.

Оның үстіне биыл сәуірде Ішкі қауіпсіздік министрлігі қателесіп, электронды хатты украин босқындарына да жолдап қойған. Хатта босқындарға елден тез арада кету керектігі туралы айтылған. Кейін министрлік қателесіп кеткенін мойындаған.

Трамп әкімшілігі 2025 жылғы қаңтарда U4U бойынша жаңа өтініш қабылдауды тоқтатты.

АҚШ президентінің соңғы мәлімдемесі украин босқындарын үміттендірді. Дегенмен Трамп мәлімдемесінің түсініксіз тұстары көп. Мәселен, әкімшіліктің украин босқындарымен қалай «жұмыс істеп жатқаны» әзірге белгісіз, деп жазды Kyiv Post.