
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын кейбір отбасылардың атына бірнеше жылжымайтын мүліктің тіркелгені анықталды.
«2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі үкімет есебіне жасаған талдау барысында, 6-дан 12-ге дейін жылжымайтын мүлкі бар 15 отбасының атаулы әлеуметтік көмек алып отырғаны анықталды», – делінген Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) қорытындысында.
Палатаның мәліметінше, 1468 отбасы коммерциялық жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Оның ішінде Түркістан облысында – 442 отбасы, Жетісу облысында – 156, Абай облысында – 126, Маңғыстауда – 118, Жамбыл облысында – 116, Шымкентте – 108, Алматы облысында – 78, ШҚО-да – 69, Қызылорда облысында – 54 және басқа да өңірлерде тіркелген.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) 78,1 мың отбасы алған. Олардың ішінде 275,5 мың бала мен 39,1 мың көпбалалы отбасы бар. Сондай-ақ көмек алушылар қатарында 98,1 мың еңбекке қабілетті азамат тіркелген:
- 59,8 мыңы – жұмыс істейтіндер,
- 32,6 мыңы – бала күтімімен айналысатындар,
- 5,7 мыңы – жұмыссыздар.
Айта кетейік банктер мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алғысы келетіндердің есепшотына түскен қаржы мен шыққан шығын туралы ақпаратты мемлекеттік мекемелерге береді. Бұл мәліметтер Ұлттық банктің бірыңғай цифрлық платформасында жинақталады.