Қазақстанда көлік бағасы ЕАЭО-ның басқа елдеріне қарағанда күрт қымбаттап кеткен

Маусым айында Қазақстанда жеңіл автокөліктердің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға өсті. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Одақ бойынша орташа өсім 2,2% болса, Қазақстандағы өсім одан бес есе жоғары.
Еуразиялық экономикалық комиссиясының соңғы деректеріне сәйкес, Армения мен Беларусьта автокөліктер арзандаған. Қырғызстанда баға өсімі 0,2% құраса, Ресейде 1,4%. Бұл қазақстандық авторынықта инфляцияның қаншалықты қарқынды екенін көрсетеді.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығын өткен жылдың осы кезеңмен салыстырғанда, жеңіл көліктер бағасының өсімі тек Қазақстанда (+9,3%) және Ресейде (+2,8%) байқалған. Одақтың қалған елдерінде баға тұрақты немесе төмендеген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бағаның өсуіне ең үлкен үлесті жаңа көліктер сегменті қосқан. 2025 жылғы маусымда олардың бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 21,3%-ға қымбаттаған. Ал ресми деректер бойынша,жүрілген көліктер керісінше, аздап арзандаған.
Көлік бағасының қымбаттауы жалпы экономикалық жағдайды көрсетеді. Мәселен Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер бойынша ең жоғары инфляция деңгейін көрсетіп отыр. Статистикаға сәйкес, маусым айында Қазақстанда тұтыну бағаларының жылдық өсімі 11,8%-ды құрады.