Енді ПИК, МИБ және құрлысшылар заң бұзса, ірі көлемде айыппұл төлейді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
ПИК, МИБ және құрылыс компанияларына жауапкершілік күшейеді / Коллаж: kursiv.media архиві

15 қыркүйектен бастап Қазақстанда ПИК, МИБ және құрылыс компанияларына қатысты жаңа айыппұлдар қолданылатын болады. Енді құжаттарды беруден бас тарту, есеп-қисапты тапсырмау немесе кешіктіру сияқты әрекеттер үшін айыппұлдар тұрғындардың ақшасынан емес, жауапты тұлғалардың өз қалтасынан төленетін болады. Бұл туралы Kursiv.media Krisha.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Заң алдында жауап беруге тура келеді

2020 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалағаннан кейін, тұрғындарды алаңдатқан мәселе туындады. Нақты айтсақ, бұрынғы ПИК (КСК) құжаттарды бермеді, жаңа басқарушылар болса шот ашпады, ал кейбір құрылысшылар құжаттарды тапсыру мерзімін созбалаңға салып жүріп алды. Мұндай жағдайлар тұрғындардың өз үйін басқаруына және қаржыны бақылауда ұстауға айтарлықтай кедергі келтірді. Кейбір жағдайларда тұрғындар жылдар бойы соттасып, ең құрығанда жинақталған қаражатты басқару құқығын алуға тырысып жүрді.

Енді мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қатаңтайды. Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 320-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, нақты мерзімдер мен айыппұл сомалары белгіленді.

Қандай жағдайда және қанша айыппұл салынады?

Егер МИБ немесе ПИК төрағасы үйдің тіркелген күнінен бастап 15 жұмыс күні ішінде шот ашпаса – 50 АЕК (шамамен 197 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, ай сайынғы немесе жылдық қаржылық есепті уақытылы тапсырмағаны үшін де дәл осындай айыппұл көзделген. Ал егер бұл бұзушылық қайталанса – айыппұл екі есеге артып, 100 АЕК-ке (393 мың теңге) жетеді.

Есеп беру тәртібі де өзгереді:

  • Енді ай сайынғы есеп 10-ы емес, әр айдың 20-сына дейін тапсырылуы тиіс; 
  • Жылдық есеп бұған дейін келісім арқылы берілетін, ал қазір келесі жылдың 1 сәуіріне дейін тапсыру міндетті;
  • Тұрғындардың сұранысы бойынша есепті бір ай ішінде беру керек (бұрын 15 күн болатын). Бұл талапты орындамағаны үшін айыппұл қарастырылмағанымен, сұранысты елемеуге болмайды.

Құрылысшыларға да қатаң талаптар енгізілді

Бұған дейін тұрғындар үй басқарушысын таңдап қоятын, бірақ құрылыс компаниясы құжаттарды уақытылы бермей, кейде мүлде бермей қоятын. Енді мұндай салғырттық үшін жауапкершілік күшейеді.

 Енді мұндай әрекеттер үшін айыппұл төлеуге тура келеді:

  • Жеке тұлғалар – 100 АЕК 
  • Шағын бизнес – 120 АЕК 
  • Орта бизнес – 150 АЕК 
  • Ірі бизнес – 200 АЕК (шамамен 800 мың теңге)

Егер заң бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе өседі және ол 1,6 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Бұрын құжаттарды тапсыру мерзімі басқару формасы тіркелген күннен бастап есептелетін. Енді бұл мерзім тұрғындар шешім қабылдаған сәттен басталады. Яғни, «әлі тіркелген жоқпыз» деген сылтау енді жүрмейді. Құжаттарды тапсыруға – 30 күн ғана беріледі.

Құжат бермедің бе? Айыппұл төле 

Егер МИБ, ПИК төрағасы немесе басқарушы компания басқару ауысқан кезде құжаттарды бермесе немесе қабылдау-тапсыру актісіне қол қоюдан бас тартса, айыппұл салынады: 

  • жеке тұлғаларға – 50 АЕК 
  • заңды тұлғаларға – 100 АЕК 
  • қайталанса – 100 және 200 АЕК.
  • айыппұл тұрғындардың ақшасынан төленбейді 

Заңда маңызды талап нақты көрсетілген, яңни, бұдан былай айыппұлды тұрғындардан жиналған қаражат есебінен төлеуге болмайды. Тек МИБ немесе ПИК төрағасы, не басқарушы компания өз қалтасынан төлеуі тиіс. Бұл талап құрылыс салушыға да қатысты. «Ұйымдастырушылық шығындар» деген сылтаулар айыппұлды үй шотынан өтеуге негіз болмайды.

Сондай-ақ оқыңыз