Қазақстанда мемлекеттен грант алған 14 мың кәсіпкер қызметін тоқтатқан

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
3 582 бизнес субъектісі кәсіпкерлік қызметтен табысын декларацияламаған / Фото: kursiv.media архиві

2022–2023 жылдары жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алған 14 мың кәсіпкер жұмысын тоқтатты. Бұл туралы ҚР Үкіметінің 2024 жылғы республикалық бюджетті орындауы жөніндегі есебіне берген қорытындысында Жоғарғы аудиторлық палата (ЖАП) хабарлады.

Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған гранттар байқау негізінде, 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі. Оларға әлеуметтік осал топтарға жататын адамдар – жұмыссыздар немесе жаңа бастаған кәсіпкерлер үміткер бола алады.

«2022 жылы грант алған 21,6 мың адамның бүгінгі күні 50%-дан астамы, яғни 11 мың жеке кәсіпкер өз қызметін тоқтатты. Ал 2023 жылы 9,1 мың грант алушының ішінен 32%-ы немесе 3 мың кәсіпкер жұмысын тоқтатқан», – делінген ЖАП қорытындысында.

Жоғарғы аудиторлық палатаның мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша грант алған кәсіпкерлердің 16,6%-ы немесе 3 582 бизнес субъектісі кәсіпкерлік қызметтен табысын декларацияламаған. 2023 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 17%-ды немесе 1 540 субъектіні құраған.

«Бюджеттен бөлінген қаражат кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға арналған және тиісінше табыс табу мен салық төлеуді көздейді. Осыған байланысты ЖАП 2022–2023 жылдары 5 мыңнан астам жеке кәсіпкерге берілген 6,2 млрд теңгенің мақсатсыз пайдаланылу қаупі жоғары деп есептейді», – делінген ЖАП есебінде.

 2024 жылы грант алған 8 941 адамның 64%-дан астамы ауылдық жердің тұрғындары. Ең көп қатысушы Түркістан (923 адам) және Қызылорда (602 адам) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (211 адам) тіркелген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, грант алушылар 3 000-нан астам қосымша тұрақты жұмыс орнын ашу жөнінде міндеттеме алған.

Еске салсақ, «Ақ жол» партиясы Big Шанхайдағы кәсіпкерлерге көмек көрсетуді ұсынған болатын.  Оның ішінде несие мен салықтар бойынша пайызсыз кейінге шегеру, жеңілдетілген қаржыландыру және төлем қабілеті қалпына келгенге дейін басқа сауда орындарынан орын беру мәселесін қарастыруды ұсынған. 

Сондай-ақ оқыңыз