Үйге адам тіркеу тәртібі өзгерді: бір пәтерге қанша адам тұра алады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Бір мекенжайда тіркелетін адамдар санына шектеу енгізіледі / Коллаж: kursiv.media архиві

Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тіркеудің жаңа ережелері заңды күшіне енді. Тиісті өзгерістерге 17 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Енді бір мекенжайда тіркелетін адамдар санына шектеу енгізіледі және кей жағдайларда уақытша тіркеу жойылады.

Бір мекенжайға тіркелетіндерге шектеу қойылады 

Енді пәтерге немесе үйге тіркелетін азаматтардың санына шектеу қойылады. Бұрынғыдай бір мекенжайға қалағанша адамды тіркей беру мүмкін болмайды. Алайда нақты нормалар заңда көрсетілмеген, әр өңірдің мәслихаты өз шектеуін белгілейді. Яғни, бір пәтерге тіркеу лимиті әр қалада әртүрлі болуы мүмкін.

Маңыздысы – бұл шектеулер бірге тұратын ерлі-зайыптыларға, балаларына және жақын туыстарына қолданылмайды. Мұндай өзгерістер «резеңке пәтерлермен» күресу үшін енгізіліп отыр.

Өтірік тіркелгендерге қанша айппұл салынады 

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді бақылау күшейеді. Бұдан былай полиция пәтерлердің нормалар мен тұру жағдайларына сәйкестігін тексереді.

Егер тіркелген және шын мәнінде тұратын адамдар саны сәйкес келмесе, яғни жалған тіркелу анықталса, иесі мен тіркелгендерге айыппұл салынады.

Айыппұл мөлшері – 10 АЕК (шамамен 40 000 теңге).

Егер адам пәтерге тіркелген болса, бірақ шын мәнінде онда тұрмаса, бұл жалған тіркеу болып саналады. Жаңа түзетулер мұндай ұғым ресми түрде енгізілді.

Кімге уақытша тіркеу қажет емес 

Естеріңізге сала кетейік, ҚР азаматтары жаңа мекенжайда 30 күннен астам тұратын болса, уақытша тіркеу рәсімдеуі міндетті. Бұл қонаққа келу, тұрғын үй жалға алу, оқу немесе қызметтік іссапар кезінде де қолданылады. 

Жаңа түзетулерге сәйкес, енді: 

  • Тұрақты мекенжайдан тыс жерде оқитын студенттерге; 
  • Іссапардағы қызметкерлерге; 
  • Ұзақ емделіп жатқан науқастарға  уақытша тіркеу қажет емес

Заң 2025 жылдың 17 шілдесінде күшіне енді, бірақ іс жүзінде әлі өзгеріс байқалмайды. Жергілікті мәслихаттар шекті лимиттерді бекітуі керк. Ал уәкілетті органдар бақылау механизмдері мен тексеру тәртіптерін әзірлеуі тиіс.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Астана қаласында бірнеше азаматтың бір пәтерге тіркелуіне шектеу қою мәселесі Парламент қабырғанда талқыланған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз