Қазақстанда жол апаттарының саны ресми деректен 4 есе көп

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Бір жыл ішінде жол апаттарының саны 42%-ға өскен / Фото: kursiv.media архиві

Өткен жылы елімізде кемінде 130 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Сақтандыру компанияларының келтірген дерегі осындай. Бұл – статистика Бас прокуратура жариялаған ресми мәліметтерден төрт есе жоғары көрсеткіш.

 «Евразия» сақтандыру компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ресми статистикада 31 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Бірақ бұл деректерге тек адам зардап шеккен немесе қаза тапқан оқиғалар ғана кіреді. Ал қалған ұсақ жол апаттары яғни, тек көлікке зиян келген, бірақ адамдар аман қалған жағдайлар есепке алынбайды.  Статистиканың басым бөлігі сондай жағдайлардан құралып отыр.

«2024 жылы қазақстандық сақтандыру компаниялары міндетті автосақтандыру (КҚИ МАҚЖ) шеңберінде ЖКО-дан зардап шеккендерге 131 502 төлемді жүзеге асырды. Ең көп төлем Астанада тіркелді – 21 913, одан кейін Алматының автокөлік иелері – 20 289 төлем. Төлемдер бойынша үшінші орында – Алматы облысында тіркелген автокөліктер – 12 813«, – делінген «Евразия» СК хабарламасында.

Бас прокуратура мен сақтандырушылардың деректерінде айтарлықтай алшақтық бар. Мәселен Астана бойынша айырмашылық 12 есеге жуық болса,  Маңғыстау облысында айырмашылық аздау 1,5 есе шамасында.

Жол апаттарының негізгі себебі

Жалпы алғанда, бір жыл ішінде жол апаттарының саны 42%-ға өскен. 2023 жылы сақтандыру төлемін шамамен 92 мың көлік иесі алса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 131 мыңнан асты.

Сарапшылар жол апаттарының көбеюін бірнеше себеппен түсіндіреді. Біріншіден, көлік саны жыл сайын артып келеді. Екіншіден, өткен жылдан бастап жүргізушілер ұсақ жол апаттарын полицияның қатысуынсыз, яғни еурохаттама арқылы рәсімдей алатын болған. Осы схема бойынша 12 мыңнан астам сақтандыру төлемі жасалған.

«Егер кез келген жол апатына кемінде екі көлік қатысады деп есептесек, онда бір жыл ішінде шамамен 250 мың көлік зақымданған. Бұл – әр 1000 көліктің 45-і деген сөз. Басқаша айтқанда, жыл ішінде жол апатына түсіп қалу ықтималдығы 22-ге 1-ді құрады», – деп түсіндіреді компания өкілдері.

Қай қалада көлік апаты жиі болады

Ең көп жол апаты Астанада тіркелген – әрбір оныншы көлік кемінде бір рет апатқа түскен. Одан кейінгі орындарда Алматы мен Шымкент – бұл қалаларда автопарктің шамамен 3 %-ы зардап шеккен.

Сақтандыру компаниялары 2024 жылы бүлінген мүлік үшін барлығы 129 878 төлем жасаған. Атап айтқанда,  жеңіл автокөліктер, жүк көліктері, тіркемелер, автобустар, мотоциклдер, оның ішінде тіректер мен қоршаулар. Тағы 1 624 төлем ЖКО зардап шеккен жүргізушілерге, жолаушылар мен жаяу жүргіншілерге денсаулығына зиян келтіргені және мүгедектік белгілегені үшін сондай-ақ қаза тапқандардың туыстарына (кәмелетке толмаған балаларға және асырауындағы басқа адамдарға) жіберілді.

Сонымен қатар былтыр басқа жүргізушілердің кінәсінен 7 мыңнан астам жүк көлігі мен 4 мыңға жуық автобус зардап шеккен.

Болжам

2025 жылы сақтандыру компаниялары тағы да өсім болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

«Жыл басынан бері мопед жүргізушілері де міндетті сақтандыру рәсімдеуі тиіс. Бұған қоса, көлік иелері арасында ерікті сақтандыруға көшіп жатқандардың саны артып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша каско шарттарымен 536 мыңнан астам көлік құралы немесе автопарктің 9,35% қамтылды», – деп мәлімдеді сақтандыру компаниясының өкілдері.

Айта кетейік Қазақстан нарығында автокөлік тарихын тез тексеруге арналған Autocheck жаңа цифрлы қызмет пайда болды. Жаңа платформа 20 параметр негізінде мәлімет береді. Олардың арасында жол апаты, автокөлік жүрісі, қожайындар саны, қанша рет жөнделгені және сақтандыруға қатысты дерек ұсынады.

Сондай-ақ оқыңыз