Түркістан облысында мал бағасы қымбаттады

Жарияланды
Түркістан облысында мал бағасы неге қымбаттады?/Фото: Дилара Иса

Түркістан облысында шаруалар құрғақшылықтың салдарынан жем-шөптің бағасы қымбаттағанын айтады. Шаруалар қазір малын сатуға көшкен. Ал базарда мал бағасы қымбаттағаны байқалған. Саудагерлер мұны ет экспортымен байланыстырады. Ал облыс әкімдігі құрғақшылық болып жатқанын жоққа шығармайды. Бірақ ет бағасының қымбаттауы мен ет экспорты мал санының азаюына ықпал етпейді деп отыр.

Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы мал базары әр аптаның сәрсенбі күні жұмыс істейді. Апта сайын шаруалар қорадағы малын саудаға салады. Әдеттегідей бұл жолы да базар малға лық толған. Уақ мал мен жылқыға қарағанда, қара малдың саны көп. Сатып алушылардан гөрі, сатушылар көп екені байқалады.

Шаруалардың малын алып сатушылардың айтуынша, соңғы бір айда малын сататын шаруалар көбейген. Әсіресе, ірі қара малын саудаға салғандардың саны артқан. Бұдан мал бағасы түспей тұр. Керісінше, қымбаттаған. Оның ішінде бордақыланған ірі қара қолдан-қолға өтіп жатыр.

Мал бордақылаумен айналысатындар ірі қараның қымбаттауын соңғы 2-3 айда базарда ет бағасының өсуімен түсіндіріп отыр. Ал базарда ет сататындар болса, еттің қымбаттауын экспорттан көреді.

«Соңғы айларда Өзбекстаннан келіп, еттен ет қоймай алып кетіп жатыр», – дейді саудагерлер. Ал шаруалар баға көтерілген кезде қорадағы, әсіресе ірі қарасын сатып жіберу қамында кіріскен. Айтуларынша, биылғы құрғақшылықтан жем-шөптің бағасы қазірдің өзінде қымбаттаған. Мұндайда мал асырау тиімсіз.

«Ірі қараның бағасы 100-150 мың теңгеге көтеріліп кетті. Байқасаңыздар, базарда ет пен бірге сүт те қымбаттады. Себебі жем-шөп қазірден қымбат қой. Құрғақшылық болып тұр. Содан көтеріліп жатыр. Ет те, сүт те, мал да. Меніңше, әлі де көтеріледі. Әлі еттің келісі 5 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін барады», – дейді мал базарына ірі қарасын сатуға әкелген шаруа.

Екінші шаруа ірі қарасын қорада ұстап, бордақылаған. «2 ай жемде тұрған, 400 мың теңге деп тұрмын», – дейді ірі қарасын көрсетіп. Шаруа еңбегі еш кетпеуі үшін қорасындағы мал санын азайту керек деп шешкен. Себебі жем-шөптің бағасы қымбат, малды түгел сақтап қалуға қалтасы көтермейді. Мысалы, мың теңге тұратын шөп 1500 теңгеге сатылып жатыр.

«Биылғы жыл құрғақшылық болды. Жем-шөп қымбаттады. Соған байланысты малдың өнімі де, мал да қымбаттады. Қазір жылқының, ірі қараның, уақ мал етінің бағасы көтерілді», – дейді шаруа.

Түркістан облыстық әкімдігі биыл аймақта жауын аз жауып, құрғақшылық болғанын жоққа шығармайды. Ірі қара мал етінің қымбаттауы мен ет экспорты мал санынын азаюына сеп болмайды деп отыр.

«Түркістан облысында 1 миллион 180 мың бас ірі қара мал тіркелген. Биыл алғашқы 6 айда 48,2 мың тонна ірі қара мал еті өндірілді. ​Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада көш басында тұр. Ірі қара мал етінің үлесі 80 пайызды құрайды. Өткен 6 айда 25 434 бас ірі қара мал және 15,5 мың тонна сиыр еті экспортқа шығарылды» делінген облыс әкімдігі хабарламасында.

Әкімдіктің мәліметінше, мал санының өсімі тұрақты. Сиыр етінің қымбаттауы мен экспортқа шығарылуы ірі қара мал санына айтарлықтай әсер етпеген. 2024 жылы облыста ірі қараның саны 1 миллион 140 мыңнан асқан.

Сондай-ақ оқыңыз