Шымкентте жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды

Жарияланды
адам саудасы
15 және 16 жастағы жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды/Фото: shutterstock

Шымкентте 15 және 16 жастағы жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды. Бұл туралы қаладағы адам саудасына түскендерге пана болатын №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Ғалия Муталиева айтты.

Оның сөзінше, биыл 11 наурыз күні екі қызды қалалық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері орталыққа алып келген. Олар жалдамалы пәтерден табылған. Тергеп-тексеру кезінде олардың адам саудасына тартылып, соның құрбаны болғаны анықталған. Орталыққа ата-анасының өтінішімен жеткізілген.

«Оларға медициналық, психологиялық, құқықтық көмек берілді. Екі қыз да жыныстық тұрғыда адам саудасына тартылғаны анықталды. Бірі – Тараз қаласының, екіншісі Алматы қаласының тұрғыны. Оларды 22 жастағы қыз Шымкентке алып келген. Қыздар қайда, не үшін бара жатқанын білмеген», – дейді орталық басшысының орынбасары.

Муталиеваның айтуынша, орталыққа жылына құлдыққа түскен 3-4 адам түседі. Олардың ішінде жыныстық құлдыққа түскендерден бөлек еркінен тыс еңбекке жегілгендер де бар.

«Бір кісі мүгедек болып келді. Ол кісінің еңбегі қаналған, қорқытып-үркіту арқылы адам саудасына салған. Одан бөлек Өзбекстан азаматшасы болды. Оны да алдап-арбаумен қойшыларға тамақ жасату мақсатында алып барып, еңбек ақысын бермеген. Екеуін де күшпен ұстап, құжаттарын алып қойған», – дейді орталық басшысының орынбасары.

Шымкент қалалық әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, соңғы 5 жылда қалада 15 адам осындай жағдайға тап болған. Олар Қазақстан және Өзбекстан азаматтары. Олардың дені – әйелдер. Кейбірінің балалары өздерімен бірге, адам саудасына түскен.

Осыған дейін, Астана қаласы және Солтүстік Қазақстан облысында адам саудасымен айналысқан топ құрықталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз