Бизнес үшін кредит алу қымбаттап барады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Бизнеске кредит алу қымбатқа түседі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Маусым айында жеке тұлғалар үшін несие алу сәл жеңілдегенімен, компаниялар үшін қаржы тарту қиындай түсті. Бірінші несие бюро деректеріне сүйенсек, маусымда банктер берген тұтынушылық несиелердің орташа мөлшерлемесі соңғы алты айдағы ең төмен деңгей – 20,3%-ға дейін төмендеді. Бұл — мамырмен салыстырғанда бірден 1,2 пайыздық тармаққа аз.

Бұл пайызсыз бөліп төлеу үлесінің артуымен байланысты болуы мүмкін, ол жалпы несиелердің құрылымына әсер етеді.

Ал заңды тұлғалар үшін жағдай керісінше: олар үшін банктен қарыз алу қымбаттай түсті. Орташа пайыздық мөлшерлеме 19,1%-ға дейін өсіп, соңғы рет мұндай деңгей 2023 жылдың қазанында тіркелген. Бұл бір айда 0,4 пайыздық тармаққа өсті деген сөз.

Депозиттер мөлшерлемесі рекорд орнатты

Салымшылар үшін жағымды жаңалық: депозиттердің табыстылығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, жеке тұлғаларға теңгемен ашылған салымдар бойынша банктер төлейтін орташа сыйақы мөлшерлемесі 14,2% деңгейінде қалып отыр. Бұл — соңғы 28 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Мамыр айындағы мәліметтер аздап түзетілгенімен (14,3% емес, 14,2% болып нақтыланды), маусымда бұл көрсеткіш өзгерген жоқ. Мұның алдында, яғни қаңтар мен мамыр аралығында, мөлшерлемелер біртіндеп өсіп отырған.

Маусым айында жеке тұлғалар үшін ең тиімді депозит мерзімі 1–3 айлық салымдар болды. Мұндай салымдардың сыйақысы 16,3%-ды құрады.

Ал банктік емес заңды тұлғалар үшін депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі үш ай қатарынан өзгерген жоқ. Ол 15,4% деңгейінде тұр. Мұндай жоғары табыстылық соңғы рет 2016 жылдың қаңтарында байқалған.

Ұлттық банктің дерегін сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеде экономикаға берілген кредит көлемі 44,5 трлн теңгеге жетті. 2024 жылғы маусымдағы көрсеткіштен 8,1 трлн теңгеге немесе 22%-ға артық. Соның 20,4 трлн теңгесі – бизнестің алған несиесі болса, халықтың мойнындағы кредит 24 трлн теңгеден асты. Бұл – Қазақстанның бір жылдық бюджетіне тең сома.

Сондай-ақ оқыңыз