2024 жылы үкіметтің сырттан алған қарызы 5,7 есе өскен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы республикалық бюджеттегі тапшылық бұрын жоспарланған межеден асып түскен. Бастапқыда 3,5 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 2,6%-ы көлемінде болуға тиіс болған дефицит жылдың қорытындысы бойынша 3,6 трлн теңгеге (2,7% ЖІӨ) жетті. Алайда Жоғары аудиторлық палата бұл негізгі мәселе емес екенін атап өтеді.

Нағыз алаңдататын көрсеткіш — мұнайға қатысы жоқ тапшылық. Ол алдын ала 8,8 трлн теңге (6,5% ЖІӨ) деп белгіленсе, іс жүзінде 10,8 трлн теңгеге (8% ЖІӨ) дейін жеткен. Бұл үкіметтің жоспарлы көрсеткіштерді ұстап тұруға қауқарсыз екенін және 2030 жылға қарай мұнайға қатысы жоқ тапшылықты 5%-ға дейін төмендету жөніндегі мемлекеттік мақсаттың орындалуы үлкен күмән тудыратынын көрсетеді.

Қаржы жетпеген соң қарыз алады

Жоғары дефицитті жабу үшін үкімет едәуір қарыз тартуға мәжбүр болды. 2023 жылы сырттан 251,9 млрд теңге тартылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,4 трлн теңгеден асып, 5,7 есе көбейді. Бұл жаңа қарыз стратегиясының басталғанын және соған сәйкес валюта тәуекелдерінің де артып жатқанын көрсетеді.

Мемлекеттік және үкіметтік борыш ЖІӨ-ге шаққанда рұқсат етілген шекте: 23,7% және 22,4%. Бірақ абсолюттік мәнде елдің сыртқы қарызы соңғы 10 жылда 3,5 есе өсіп, 2025 жылдың 1 қаңтарына 30,1 трлн теңгеге жетті.

Бюджетке түсетін салмақ та ауырлап отыр: қарызды өтеу мен қызмет көрсетуге 2024 жылы бюджет шығыстарының 23,8%-ы, ал трансфертсіз кірістің 41,6%-ы жұмсалған.

Ақша қайда кеткені белгісіз

Сыртқы қарыз қандай жобаларға жұмсалды? Қанша пайда әкелді?ЖАП тұжырымдауынша, осы сауалдарға нақты жауап алу қиын. Үкіметтің есептерінде жоба шарттары, игеру нәтижелері, әсері мен тиімділігі туралы толық ақпарат жоқ. Бұл ашықтықтың төмендігін көрсетіп қана қоймай, қарыз тиімділігіне күмән тудырады.

Ішкі қарыз да артты

Ішкі нарықта орналастырылған мемлекеттік бағалы қағаздар көлемі де 2024 жылы 21,7 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 22%-ға өскен. Сонымен бірге ішкі қарызды басқару барысында да көптеген заң бұзу тіркелді. Жоспардан тыс қарыз алу, тиімсіз шешімдер, дұрыс болжау мен жоспарлаудың жоқтығы салдарынан 2021–2023 жылдары бюджет 124,8 млрд теңге жоғалтқан.

Осы ретте аудиторлар мынадай ұсыныс айтады:

  • Сыртқы қарыз туралы есептілік толық, ашық әрі жобалық тиімділікпен бірге берілуі тиіс;
  • Қарыздардың тәуекелдері мен елдің қарызға қабілеттілігі жеке-жеке талданып, жылдық есепте көрсетілуі қажет;
  • Ішкі қарызды басқару жүйесі нормативті түрде нақты регламенттелуі тиіс;
  • Бос бюджет қаражатын тиімді орналастыру жолдары қайта қаралуы қажет.

Бұған дейін аудиторлар Назарбаев зиаткерлік мектебінің шетелдік мұғалімдері жергілікті мамандардан 4,5 есе жоғары жалақы алғанын анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз