Доллар мен теңге: валюта бағамы неге құбылды

Осы аптада теңге мен доллар жұбында валюта бағамы қатты құбылды. Апта басынан қатты құнсызданған теңгені қолдау үшін сәрсенбі күні Ұлттық банк нарыққа араласып, интервенция жүргізуге мәжбүр болды.
Өткен апта соңында ғана Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «теңгеге интервенция көмектеспейді» деп мәлімдегеніне қарамастан, бас банк ірі ойыншы ретінде нарықта қомақты доллар сатып, теңгені «құтқарып» алды. Сол күні 443,8 млн долларға сауда жасалды.
Интервенциядан ертесі ұлттық валютаның долларға қатысты бағасы бірден 10 теңгеге нығайды. 31 шілдедегі күндізгі сауда-саттықта теңге/доллар жұбындағы валюта бағамы 540,78 теңгені құрады.
Алайда халықтың көкейінде » доллар неге қатты қымбаттады» деген сауал қалды. Экономист Нұрбек Раевтың айтуынша, басты себеп – ақша массасының күрт артуы. Бір жыл ішінде айналымдағы ақша көлемі 30%-ға өсіп, 2024 жылғы мамырдағы 32,8 трлн теңгеден 2025 жылғы маусымда 40,6 трлн теңгеге жеткен.
Соның салдарынан:
- Инфляция үдей түсті;
- Базалық мөлшерлеме көтерілді (сәуірде);
- Ұлттық валюта құнсызданды.
Яғни үкімет экономиканы ынталандыру мақсатында көп қаражат жұмсағанымен, бұл кері әсер берді. Нақтырақ айтсақ, шығын көбейген сайын, теңгенің құны төмендеді.
Екіншіден, 2025 жылдың екінші тоқсанында мұнай бағасы 70 доллардан төмендеді. Бұл — Қазақстан үшін үлкен соққы, себебі экспорт табысының көп бөлігі мұнайдан түседі. Экспорттық түсім азайған сайын, елдің шетел валютасына қолжетімділігі де төмендейді, ал бұл теңгеге қысым түсіреді.
Экономист теңге бағамы ешқашан бұрынғы деңгейіне толық оралмайды деп тұжырымдайды Ұлттық банк интервенция арқылы теңгені қолдауға тырысуы уақытша әсер етуі мүмкін, яғни қазіргі деңгейден біршама төмендеуі ықтимал. Бірақ 2023-2024 жылдардағы бағамды күтуге болмайды.
Дегенмен ел үкіметі доллар арзандайды деген ойда. Премьердің бірінші орынбасары Роман Скляр үкіметтің ұлттық валютаға бағамына қатысты болжамын жеткізіп, доллар кері шегінетінін айтты.