Жаңалықтар

Ресей Қазақстан арқылы Қытайға көбірек мұнай жіберуге ниетті

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Ресей Қазақстаннан Қытайға өтетін мұнай транзитін 2,5 млн тоннаға арттыруға ниетті. Бұл туралы министр Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді.

Бұл мәселені Ресейдің «Транснефть» және Қазақстанның «ҚазТрансОйл» компаниялары бірлесіп қарастырып жатыр.

Қосымша станция салына ма?

Министрдің сөзінше, қазіргі алдын ала деректерге қарағанда, транзит көлемін арнайы қосатын химиялық қоспалар (присадкалар) арқылы арттыруға болады. Бұл жағдайда жаңа мұнай айдау станцияларын салу қажет болмауы мүмкін. Бірақ нақты шешім техникалық талдау аяқталған соң белгілі болады.

Қазақстан не ұтады?

Бұған дейін жарияланған есептерге сәйкес, «ҚазТрансОйл» осы транзит көлемінің артуынан 15-18 млн доллар қосымша пайда табуы мүмкін. Бұл – компанияның 2024 жылғы табысының 17-20%-ына тең.