Жаңалықтар

Жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз: Скляр елде олигополия жоқ деп тұжырымдайды

Скляр Қазақстанда олигополия жоқ екенін айтады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Вице-премьер Роман Скляр елде олигополия жоқ, расында «Жаңа Қазақстан» орнады деп санайды. Бұл туралы ол үкіметтегі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатында журналист елдегі кедейлер саны азаймай жатқанын, ал Forbes тізіміндегі адамдар «Қаңтар оқиғасына дейін қатары қысқарып, дәулеті кемудің орнына, неге одан әрі байып бара жатқанын» сұрады.

«Біз қазір расында Жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. 2022 жылдан біз күрделі сынақтардан өткен соң, енді Жаңа Қазақстан құруымыз керек деген мәлімдеме жасадық. Бізде олигополия жоқ, мұны нақты айта аламын. Сіздер айтып отырған немесе айтып үлгермеген компаниялар мен тұлғалар мемлекеттің саясатына, мемлекеттік органдар мен парламенттің шешімдеріне, соның ішінде заңнамалық бастамаларға еш ықпалы жоқ,»– деді Скляр.

Оның айтуынша, демонополизация процесі өтіп, елге активтер қайтарылып жатыр. Бұрын бизнес жүргізген кәсіпкерлер өз жұмысын жалғастыра алады, бірақ ел экономикасына инвестиция салып, жаңа өндіріс ашып, жұмыс орындарын құрып, қосылған құн жасауы тиіс.

Скляр елде екі қолға бір күрек табылады деп пайымдайды.

«Олар байыды ма, жоқ па, кедейлер саны көбейді ме деген сұраққа келсек, бізде өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларында бос жұмыс орындары жетерлік. Азаматтар сол жерден жұмыс таба алады. Мүмкін, бұл жұмыс бәріне ұнамайтын шығар. Біреу журналист, біреу блогер болғысы келетін шығар. Бірақ жастарға сұраныс бар, олар жаңа мамандық алып, еңбек етіп, лайықты табыс таба алады», – деді вице-премьер.

Үкімет басшысының орынбасары бұған дейін негізгі капиталға салынған инвестиция қысқарған жоқ деп мәлімдеген.