
Әлемдегі жанармай, электр энергиясы және табиғи газдың бөлшек бағаларын қадағалайтын GlobalPetrolPrices.com ресурсының дерегінше, Қазақстанда бензин Еуропа елдерімен салыстырғанда ең арзан отындардың бірі. Астана мен Алматыдағы жанармай құю бекеттерінде АИ-95 бензинінің бір литрі орта есеппен 244–264 теңге, ал АИ-92 – шамамен 205 теңге тұрады. Салыстыру үшін айтайық: Нидерландыда дәл осы маркалы бензиннің бір литрі 800 теңгеден асады.
Алайда осыған қарамастан, Қазақстан бензиннің қолжетімділігі бойынша Еуропада тек 16-орынға ие болды.
Бензин бағасы тиімді. Бірақ…
Бұл жай ғана баға емес. Бұл көрсеткіш орташа жалақы алатын азамат ай сайын қанша литр бензин сатып ала алатынын көрсетеді. Яғни, адам бір айлық табысына қанша рет «жолға» шыға алатынын білдіреді.
Ашық дереккөздер мен еуропалық сараптамалық орталықтардың зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанда орташа айлық жалақыға шамамен АИ-95 бензинінінң 1100-1200 литрін сатып алуға болады. Бұл жаман көрсеткіш емес, бірақ көшбасшылар қатарында емеспіз.
Көшбасшылар: бағасы жоғары, алайда жалақы жоғары
Люксембург рейтингтің көшін бастап тұр. Бұл елдің тұрғындары орташа жалақысына шамамен 2 800 литр бензин сатып ала алады. Егер осыны Қазақстан жағдайына бейімдесек – бензиннің литрі 280 теңге болса, бұл 784 000 теңге көлеміндегі жалақыға тең болуы шарт.
Екінші орында – Ұлыбритания (2 500 литр), одан кейін Норвегия, Аустрия және Ирландия (әрқайсысы 2 200 литр) келеді.
Бұл елдерде бензин айтарлықтай қымбат – бір литрі 1,5-2 еуро, алайда жалақылары өте жоғары, сондықтан жанармай бағасы қымбат болғанына қарамастан оны сатып алу мүмкіндігі жоғары. Лондон немесе Осло тұрғындары үшін отын – қымбат болса да, шектен тыс салмақ салмайды.
Қазақстанда жанармай арзан, бірақ табыс аз
Қазақстандағы бензин бағасы расында да тиімді:
- АИ-92 – 205-218 теңге
- АИ-95 – 244-264 теңге
- АИ-98 – 299 теңгеге дейін
Бірақ басты мәселе – табыс көлемінде. 2025 жылғы біріші тоқсандағы Қазақстандағы орташа айлық жалақы 300 мың теңгені құрады (Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша).
Осы жалақыны бензин бағасына бөлсек:
- егер литрі 244 теңге болса – 1 220 литр,
- егер литрі 264 теңге болса – 1 136 литр.
Яғни, орта есеппен 1100-1200 литр отын. Салыстыру үшін: Люксембургтегі деңгейге жету үшін қазақстандықтың жалақысы кемінде 784 000 теңге болуы керек.
Көршілердің жайы
Қызығы, Ресей Қазақстаннан сәл алда. Бензин бағасы ұқсас, бірақ орташа жалақы жоғары болғандықтан, ресейліктер айына 1 140 литр бензин сатып ала алады. Бұл ТМД елдері ішінде ең жоғары көрсеткіш.
Ал Молдова мен Украина тізімнің соңғы жағында: бұл елдерде бензин бағасы жоғары, ал жалақы төмен болғандықтан, қолжетімділік те соған сәйкес.
Бензин бағасының тиімділігі– тек көлік иелері үшін емес, елдегі өмір сүру деңгейінің, халықтың мобильділігінің, тауарлар бағасының және логистиканың негізгі көрсеткіші.
Егер отын қолжетімсіз болса – тасымал қымбаттайды, адамдар аз қатынайды, тауарлар бағасы өседі. Бұл экономиканың барлық саласына әсер етеді.
Болжамдарға келсек
Қазақстан үкіметі көптеген жылдар бойы бензин бағасын төмен деңгейде ұстап тұруға тырысып келеді. Бұл субсидиялау, бағаны реттеу және экспортты шектеу арқылы жүзеге асады. Алайда бұл саясат жанармай тапшылығына, МӨЗ жүктемесінің артуына және контрабандаға алып келуі мүмкін.
Сондықтан бензиннің қолжетімділігі – бұл жай ғана «баға төмен бе?» деген сұрақ емес. Бұл энергетикалық саясаттың тұрақтылығы, халық табысының өсуі және саланың тиімділігіне байланысты кешенді мәселе.
Қазақстанда бензиннің бағасы – Еуропадағы ең төмендердің бірі. Бірақ бұл – шынайы статистиканың жартысы ғана. Орташа табыс деңгейін ескерсек, қазақстандықтар үшін бензиннің қолжетімділігі орташа деңгейде.
Еске сала кетсек, Қазақстанда жыл басынан бері жанармай бағасы өсіп келеді. Бастапқыда 5 теңгеге қымбаттайды деген министрлік, кейін отын құны тағы арта түсетінін ескертті. Ал 2025 жылғы наурызда Энергетика министрлігі енді бензин құнын реттемейтінін мәлімдеді. Соған қарамастан ведомство бағасының күрт қымбаттап кетуіне жол берілмейді деп сендірді.