
Танымал продюсер әрі актриса Баян Алагөзова Instagram парақшасында әнші Рүстем Жүгінісовтің әйелдерге қатысты мәлімдемесіне ашық пікір білдіріп, елден кетуге кеңес берді.
Еске салайық, жуырда Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» мешітінде Эммануэлла Наурызбаева есімді қызға белгісіз ер адам «бір реттік никях» ұсынып, мазасын алғаны жөнінде бейнежазба тараған еді. Оқиға қоғамда кең резонанс тудырды.
Ал әнші Рүстем Жүгінісов бұл жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, қыздың өзін кінәлаған болатын.
Бұл пікірге қарсы шыққан Баян Алагөзова Жүгінісовтің әрекеті әйелдердің құқықтары мен еркіндігін шектеу екенін айтты:
«Никях деп қыздан бір реттік жыныстық қатынас сұрап тұр. Ең сорақысы – әнші Рүстем Жүгінісов қыздарға күйеусіз немесе бауырларымен бірге бармай, жалғыз жүрмеңдер деп кеңес беріп отыр. Мен уәкілетті органдардан оның әрекетіне қатысты кем дегенде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді сұраймын. Өйткені бұл – әйелдердің құқықтары мен еркіндіктерін қоғамдық кеңістікте тікелей шектеу».
Баян Алагөзова Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін еске салып, әрбір әйелдің өз бетімен жүруге, еркін қозғалуға толық құқығы бар екенін атап өтті.
«Біз шариғат жолындағы емес, тәуелсіз мемлекетте өмір сүреміз. Қыз болсын, әйел болсын, өзі кез келген жерге баруға, жүруге құқылы. Айтқан сөзіңізге жауап бересіз бе? Адамдарды олай адастырмаңыз. Сізге ұнамаса, Ауғанстан, Иран, Араб елдеріне көшіп кетіңіз», – деді продюсер.
Ол сондай-ақ, қоғам назарын Эммануэлла Наурызбаеваның құқығы мен қауіпсіздігіне аударуға шақырды:
«Мешіт ішінде тұрып, қызға бір реттік жыныстық қатынас ұсыну – бұл ар мен ұяттан жұрдай болудың белгісі. Ар-ұяттан айырылмаған болсаңыз, кешірім сұраудың орнына ақталмас едіңіз. Қазақ жігіттері неге осындай күйге түсті?» – деп жазды Баян Алагөзова.
Продюсер полициядан да Рүстем Жүгінісовтің сөзіне мән беріп, ресми түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.
Еске сала кетейік, бұған дейін бұл жағдайға байланысты волейболшы Сабина Алтынбекова да өз пікірін білдірген еді.