Қаңтар оқиғасында зардап шеккендердің балаларына білім гранттары бөлінді

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан және жарақат алған азаматтардың балаларына, сондай-ақ әлеуметтік осал топтан шыққан жастарға жаңа оқу жылына 500 білім грантын бөлу туралы мәлімдеді.
Грантты алу мүмкіндігі бар талапкерлер санатына мыналар жатады:
- ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар;
- жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
- мүгедектігі бар азаматтар;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар;
- 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың балалары;
- сол оқиғаларда жарақат алған балалар.
Грантқа 29 жасқа дейінгі азаматтар өтініш бере алады. Бұл – бір реттік, атаулы грант, яғни грант тек бір мәрте тағайындалады және келесі жағдайларда берілмейді:
- үміткер жоғары білім алған болса;
- мемлекеттік грантпен «бакалавр» дәрежесін алып жатса;
- екінші жоғары білім алуға немесе онлайн оқуға ниетті болса.
Грант талаптары:
Талапкерлер ағымдағы жылы ҰБТ тапсырып, шекті балды жинаған болуы қажет (соның ішінде шығармашылық емтихандар нәтижелері де ескеріледі). Үміткерлер тізімі жоғары оқу орнының конкурстық комиссиясы отырысының хаттамасы негізінде жасалады.
ЖОО тізімі, грант саны, іске асыру кестесі және басқа да толық ақпаратпен «Қазақстан халқына» қорының ресми сайтында танысуға болады: qazaqstanhalqyna.kz
Еске сала кетейік, бұған дейін 2025-2026 оқу жылына арналған грант иегерлерінің тізімі жарияланатын сайттардың тізімін жазған едік.