KazMedProm Тайландтан келген қолғапты отандық өнім ретінде екі есе қымбатқа сатқан

Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу мен жеткізу тетіктеріне жүргізілген аудит нәтижесінде отандық өнім ретінде ұсынылған импорттық қолғаптар фактісі анықталды. Атап айтқанда, «KazMedProm» ЖШС 2024 жылы 8,1 млрд теңгеге «СК-Фармацияға» 63 млн жұп медициналық қолғап жеткізген. Бұл келісім ұзақ мерзімді шарт негізінде жүзеге асқан, яғни мемлекет компания көрсеткен баға бойынша сатып алуға міндеттелген.
Алайда аудит барысында бұл қолғаптардың отандық емес, Тайландтан импортталғаны дәлелденді. Кедендік декларациялар мен жеткізу мерзімдері тауардың сырттан әкелінгенін және бірден «СК-Фармацияға» жөнелтілгенін көрсетеді.
Бағаны негізсіз көтеру
Аудиторлар «KazMedProm» компаниясының нарықтағыдан екі есе қымбат баға қойғанын да анықтады. Компания Panagloves маркалы латекс қолғаптарының бір жұбын 98 теңгеден сатқан, ал нарықтағы орташа баға 40 теңге шамасында. Соның салдарынан мемлекет 5,3 млрд теңгеге артық шығындалған.
Шымкент қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде компанияның жылына шамамен 17 млн жұп қолғапты ғана өзі өндіретіні, ал қалған 50 млн қолғаптың Тайландтан in bulk форматында әкелінетіні белгілі болды.
In bulk – бұл тұтынушылық қаптамасыз, тек пакеттерге салынған қолғаптар. Олар тек жуылып, кептіріліп, дезинфекцияланып, қайта қапталады.
Прокуратура бастапқыда бұл әрекетті қайта өңдеу ретінде бағалап, қылмыс құрамын таппаған. Алайда Жоғары аудиторлық палата бұл ұстанымды негізсіз деп тауып, өнімді отандық деп көрсету және бағаны көтеру – бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау екенін алға тартты.