Қазақстандық туроператорлар Қытай нарығына шығуға мүмкіндік алды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Отандық туроператорлар Қытай нарығына шығады / shuttertock

«Цифрлық Жібек жолы – 2025» форумы аясында Қазақстан мен Қытай арасында туризм саласындағы цифрлық серіктестікті кеңейту мәселесі кеңінен талқыланды. Форум жұмысына екі елдің туризм, қонақ үй бизнесі және технология саласындағы жетекші сарапшылары, туроператорлар мен ІТ-компания өкілдері қатысты.

Zowoyoo – қазақстандық турбизнеске жаңа мүмкіндік

Форум аясында ерекше назар Қазақстанның Қытай нарығында цифрлық дамуына аударылды. Осы жылдың маусым айында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Қытайдың ең ірі туристік онлайн платформаларының бірі саналатын Zowoyoo компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұл қазақстандық туроператорлар, қонақ үйлер және туристік нысандар үшін өз қызметтерін:

  • Zowoyoo платформасында
  • Қытайдың танымал әлеуметтік желілерінде: Douyin (TikTok баламасы), Xiaohongshu (Little Red Book) және басқаларда жариялауға мүмкіндік береді.

«Қытайда бізге үйреншікті әлемдік әлеуметтік желілер мен брондау жүйелері қолданылмайды. Сондықтан жергілікті аудиторияны жақсы білетін серіктес қажет. Zowoyoo компаниясы қазақстандық турөнімдерді қытайлық тұтынушыларға ыңғайлы форматқа бейімдеуге көмектеседі. Ең маңыздысы – бұл жұмысты компания өз қаржысы есебінен атқаруда, мемлекеттік бюджеттен бірде-бір теңге жұмсалмайды», – деді Kazakh Tourism басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

260 мың турист және 5 млрд қаралым

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанға Қытайдан 260 мыңнан астам турист келген. Zowoyoo платформасы мен цифрлық маркетинг құралдарын қолдану арқылы бұл көрсеткішті айтарлықтай арттыру көзделіп отыр.

«Қазақстан туралы бейнероликтер қытайлық платформаларда 5 миллиардтан астам қаралым жинады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Біз жылына 1 миллион турист тартуды көздеп отырмыз. Бұл өз кезегінде 2–3 миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін», – деді Zowoyoo компаниясының өкілі Фу Сюэцзя.

Айта кетейік, 2025 жылы Zowoyoo компаниясы Орталық Азиядағы алғашқы кеңсесін Алматы қаласында ашты. Бұл қадам Қытай нарығына арналған туристік контентті бейімдеу мен таратуды одан әрі жетілдіруге жол ашып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз