Lifestyle

«Бұл Ауғанстан емес»: Сабина Алтынбекова мешіттегі жағдайға қатысты пікір білдірді

Сабина Алтынбекова
Сабинa Алтынбекова мешіттегі жағдайға пікір білдірді / фото: архив kursiv.media

Қазақстандық танымал волейболшы Сабина Алтынбекова Instagram парақшасында Ақтөбедегі мешітте болған даулы жағдайға байланысты өз пікірін ашық білдірді.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе тұрғыны мешітте белгісіз ер адамның оған тиіскенін айтып, шағымданған еді. Бұл әрекеттер бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Сабина Алтынбековa оқиғаға байланысты Instagram Stories арқылы өз эмоциясын жеткізді.

«Әр жолы қыздарға қол көтергенде, қорлық көрсеткенде жүрегім қарс айырылады… Ештеңеге таңғалмаймын деп ойлайтынмын. Бірақ жоқ, кей «еркектер» тағы да шектен шықты. Орамал таққан қызды кінәлап, ал зұлым әрекетке барған еркекті ақтап алуға тырысып жатқандарды көріп, жағамды ұстадым. Қыз бала заңсыз әрекетті видеоға түсіргені үшін сөгіске ұшырап жатыр. Бұл — барып тұрған масқара!» — деп жазды спортшы.

Сондай-ақ, өзі дәл сондай жағдайға тап болғанда, қарсы тұрып, физикалық түрде қорғанатынын айтты.

«Олар дінді сылтауратып, қыздарды емес, зұлымдықты ақтап отыр. «Қыз себеп болды» дейді. Қыз бала орамал таққан, әйелдер бөлімі жабық болған соң, намазын оқып кеткісі келген. Ал олар не дейді? — «Үйде отыру керек еді». Менің айтарым — бұл жер сендерге Ауғанстан емес!»

Сабина Алтынбекова қазақстандықтарды мұндай әрекеттерге көз жұма қарамауға, ал қыздарды үндемей қалмай, зорлық-зомбылық туралы ашық айтуға шақырды.

«Уақыты келді. Біз «ЖОҚ!» деп айқайлайтын уақыт жетті. Қыздарды қорғайтын, олардың ар-намысын таптатпайтын қоғам құруымыз керек. Бейнежазба жасап, әлгі еркектің әрекетін ақтап алуға тырысқандар! Ертең дәл осындай жағдай сіздің қызыңыздың немесе қарындасыңыздың басынан өтуі мүмкін екенін ұмытпаңыз! Әйелдің ары — ұлттың ары!» — деп сөзін түйіндеді спортшы.

Ал бұған дейін әнші Рүстем Жүгініс «қыздың өзінен де бар» деп, нәзік жандыларға үйде отырып намаз оқуды ұсынған еді.