Offside: футболдағы жемқорлық туралы жаңа сериал шықпақ

Sälem Entertainment пен Astana TV арнасынан күзде көрерменге жол тартатын «Offside» атты жаңа спорттық драма қазақ футболының көлеңкелі тұстарын ашып көрсетпек.
«Футболды ережелер емес, жемқорлық билейді» деген ұранмен жарық көретін жоба — бұрынғы атақты футболшының тағдырын баяндайды. Басты кейіпкер – қазіргі таңда бапкер болып жүрген кейіпкеріміз келісілген матчтар, парақорлық пен футболдағы интригаларға қарсы тұрып, әділетті жолмен жеңіске жетуге тырысады.
Жобаның продюсерлері: Игорь Цай, Қуат Садықов, Тимур Смағұлов және Рүстем Омаров. Бұл – Омаровтың атышулы «MEOW» туындысынан кейінгі екінші режиссерлік жұмысы және оның авторлық идеясынан туындаған жоба.
Режиссердің сөзіне қарағанда, сериал жарық көрмей тұрып-ақ, оған қысым жасалып жатыр. Алайда бұған қарамастан, сериалды көрерменге ұсынуға бел буып отыр.
«Маған қысым көрсетіп, бұл жобаны шығармауды сұрағандардың бәріне айтарым: бұл сериал жарық көреді. Осы күзде сіздер футболдың шынайы бейнесін көресіздер!» – дейді режиссер.
Қазақ футболындағы көлеңкелі жайттар, ішкі сыбайластық пен спорттағы әділетсіздік мәселелері алғаш рет ашық түрде көркем туындыда көтерілмек.
Еске сала кетейік, бұған дейін Kursiv Media еліміздегі балалар футболының дамуы туралы деректі фильм түсірген еді.