Иран АҚШ-тан әуе шабуылдары үшін өтемақы талап етті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Иран АҚШ-тан шабуылдың қайталанбайтынына кепілдік сұрады / фото: KursivMedia мұрағаты
Иран АҚШ-тан шабуылдың қайталанбайтынына кепілдік сұрады / фото: KursivMedia мұрағаты

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ-тан маусымдағы 12 күндік соғыстағы шығындар үшін өтемақы талап етті.

FT ақпаратына қарағанда, бұл – ядролық келіссөздерді жалғастырудағы басты шарттардың бірі.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи аталған басылымға берген сұхбатында 12 күндік соғыс кезінде келген шығынды АҚШ өтеуі тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, бұл талап ядролық келіссөздерді қайта бастау үшін негізгі талаптардың бірі болып отыр.

«Олар неге келіссөз жүріп жатқанда бізге шабуыл жасағанын түсіндіруі тиіс және мұндай жағдай қайталанбайтынына кепілдік беруі керек. Сонымен қатар келтірілген залал үшін өтемақы төленуі қажет», — деді Арагчи.

Министрдің айтуынша, келіссөздерге қайта оралу мүмкіндігі бар. Алайда Иран билігіне АҚШ-тың бұл жолы өзара тиімді мәмілеге шынайы ниетпен келетінін дәлелдеу қажет.

Арагчи әскери жолмен Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін шешу мүмкін емес екенін айтты. Оның пікірінше, ел ішінде келіссөзге қарсы көңіл-күй артқанына қарамастан, дипломатиялық жол әлі де бар.

Айта кетейік, 12 күндік соғыс Израильдің Ирандағы ядролық және әскери нысандарға жасаған әуе шабуылдарынан кейін басталды. Бұл шабуылдар АҚШ пен Иран арасындағы жоспарланған келіссөздер қарсаңында жасалды. Израиль шабуыл себебін Тегеранның ядролық қару жасауға жақындаған қаупімен түсіндірді.

Сондай-ақ оқыңыз