
NASA Айға тағы да адам ұшырмақ. Мұны Трамптың президенттік мерзімі аяқталғанға дейін жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Foxnews ақпаратына қарағанда, алдағы жылдары америкалық астронавтар Айға қонады.
Бұл туралы агенттік басқармасының міндетін атқарушы директоры Шон Даффи телеарнаға берген сұхбатында мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, бұл миссияны Дональд Трамптың президенттік мерзімі аяқталғанға дейін іске асыру көзделген.
«Келер жылы біз Айға қайта ұшуды жоспарлап отырмыз. Бірақ қону болмайды. Тек Айды айналып ұшамыз. Ал шамамен бір жылдан кейін қайтадан Айға қонамыз. Бұл Дональд Трамп президент қызметін атқарып тұрған кезде жүзеге асады», – деді Даффи.
Оның айтуынша, содан кейін АҚШ ғарыш агенттігі Айға база салуды көздеп отыр.
Жер серігінде астронавтар жинаған мәліметтер болашақта Марсты игеруге көмектеседі деп есептейді басқарма басшысы.
Мұның алдында Қытай мен Ресей Айға электр станциясын салу жоспарын жария еткен еді.