Спортшы әйелдер енді чемпионат алдында өмірге қыз бала болып келгенін дәлелдеуі тиіс

Спортшы әйелдер енді өмірге қыз бала болып келгенін дәлелдеуі тиіс. Әлем чемпионаттына қатысу үшін генетикалық тестен өтеді.
CNN ақпаратына қарағанда, жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты алдында биологиялық жынысты анықтау талабы қойылып отыр. Спорт жарыстарына қатысатын барлық әйел бұл талапты орындауға міндетті.
Жеңіл атлетика басшылығы сәрсенбі, 31 шілде күні спортшылардың әлем чемпионатына қатысуы үшін генетикалық тест тапсыруына қойылған соңғы мерзімді 1 қыркүйек деп белгіледі.
Наурыз айында Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығы – World Athletics те бұрын бұл жөнінде мәлімдеме жасаған. Ол кезде «элиталық деңгейдегі жарыстарға қатысатын спортшы әйелдер міндетті түрде хромосомалық тест тапсыру қажет» екенін айтқан еді. Бұл тест беттен алынған жағынды немесе құрғақ қан тамшысы арқылы жасалады.
«Біз элиталық деңгейде әйелдер категориясында жарысу үшін спортшы биологиялық жағынан әйел болуы керек деп талап етеміз», – деді World Athletics президенті Себастьян Коэ.
Келесі әлем чемпионаты 13 қыркүйекте Токиода басталады. Халықаралық додада бағын сынап көргісі келетін спортшы әйелдер 1 қыркүйекке дейін сынама тапсыруы керек. Бұл күн «өтінім қабылдаудың соңғы күні және ереженің күшіне ену мерзімі» деп көрсетілген.
2009 жылы Кастер Семеня 800 метрге жүгіруден жасөспірім шағында әлем чемпионы атанған еді. Осыдан кейін артынша дау-дамай туындаған болатын. Бірнеше сот процестері де өткен. Үш апта бұрын Семеня Францияның Страсбург қаласындағы Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотта жеңілді.
Айта кетейік, Париж олимпиадасы кезінде алтын медальді еншілеген Алжир спортшысы Иман Хелиф пен Тайвань боксшы Лин Ютиннің жынысына қатысты күдік туған. Тіпті, «жынысын өзгерткен» деген де қауесет тарады. Спортшы әйелдер ақталуға мәжбүр болды. Хелифтің әкесі қызына араша түсіп, Хелифтің өмірге қыз бала болып келгенін дәлелдейтін отбасылық суреттерін де көрсеткен еді.