Жаттықтырушысымен төбелескен черногориялық футболшы «Қызылжардан» кетті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Зорич физикалық дайындыққа жауапты жаттықтырушысымен төбелескен, содан кейін клубтан кетуге шешім қабылдаған / фото: KursivMedia мұрағаты
Зорич физикалық дайындыққа жауапты жаттықтырушысымен төбелескен, содан кейін клубтан кетуге шешім қабылдаған / фото: KursivMedia мұрағаты

Жаттықтырушысымен төбелескен Дарко Зорич «Қызылжар» командасымен қош айтысты. Черногориялық 11 матчта 3 гол соққан болатын.

Дарко Зорич бүгін петропавлдық «Қызылжар» клубынан кеткенін жария етті.  

Match KZ мәліметінше, Зорич физикалық дайындыққа жауапты жаттықтырушысымен төбелескен. Содан кейін клубтан кетуге шешім қабылдаған. Ол бұл жанжалды жоққа шығармады.

«Командаға және сол жерде жұмыс істейтін адамдарға деген құрметім күшті. Сол үшін бұл жағдайға түсініктеме бергім келмейді. Айтарым сол, мен клубтан кету туралы шешім қабылдадым», – деді Зорич.

Ресми пікірінде ол алғыс білдіріп, жылы қоштасты:

«Жанкүйерлерге қолдауы үшін, бапкерлер штабына, медицина қызметкерлеріне және клубтағы барлық адамға рахмет. Барлығыңызға тек жақсылық тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты болсын! Отбасыларыңыз аман болсын! Мен сіздерді ешқашан ұмытпаймын! Сіздер мен үшін отбасы болдыңыздар. Бұл уақыт үшін рахмет!» – деді ол.

Айта кететін жайт. «Қызылжардың» физикалық дайындық бойынша жаттықтырушысы – Евгений Кресик. 31 жаста. Беларусь маманы. Жасы Зоричпен шамалас.

Біріншілікте «Қызылжар» 14 команданың ішінде 9-орында.

Мұның алдында «Қызылжар» клубы футболшыларға екі ай бойы айлық төлемегені туралы ақпарат шықты.

Сондай-ақ оқыңыз