
Алматы қаласындағы Esentai Gallery залында жазғы көрме-жәрмеңке басталды. Summer Art Fair көрмесіне қазақстандық суретшілердің шығармалары қойылады.
Өнер жәрмеңкесі 31 шілдеде басталып, 30 тамызға дейін созылады. Биыл көрмеде оннан аса суретшінің жұмысы көпшілікке таныстырылады. Олардың арасында Фатима Өмір, Әлібек Мергенов, Катерина Никанорова, Асқар Есдәулет, Дархан Рухолла, Құралай Аманжолова және басқа да шебер бар.
Көрме-жәрмеңкені ұйымдастырушылар мегаполис тұрғындарына «күнделікті күйбең тірліктен сәл ғана дамылдап, сана көкжиегін кеңейтуге бір сәт көңіл бөлуге» кеңес берді.
«Summer Art Fair — түрлі суретшілердің өнері мен шеберлігемін танысуға мүмкіндік беретін орын. Бұған қоса, коллекцияңызды теңдессіз туындылармен толтыра аласыз», — деп жазды жәрмеңке өкілдері.
Экспозиция «Esentai Mall» сауда орталығының үшінші қабатында өтеді. Ашылу салтанаты 31 шілдеде кешкі сағат 19.00-де басталады. Кіру тегін.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Алматыда тегін кино көрсетіліп, оны талдау ұйымдастырылатынын жазған.