Вице-министр: BIG Шанхай базарындағы өртке қатысты тағы бір іс ашылады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Big Шанхай сауда үйінде 90-нан аса бутик болған /фото: ТЖМ
Big Шанхай сауда үйінде 90-нан аса бутик болған /фото: ТЖМ

Астана қаласында екі апта бұрын өртенген BIG Шанхай сауда орталығында өрт қауіпсіздігіне қатысты заң бұзушылықтар анықталды. Тағы бір қылмыстық іс ашылуы мүмкін. Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев осылай деп мәлімдеді.

31 шілдеде Астанада баспасөз конференциясын өткізген шенеуніктің айтуынша, 2025 жылғы 18 шілдеде өртенген BIG Шанхай сауда үйіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

«BIG Шанхай базарындағы өртке қатысты тергеу жүріп жатыр. Өрт туралы ешкім хабарламаған. Жақын маңдағы 7-ші өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары терезеден базар өртеніп жатқанын байқап, бірден сонда аттанған. Қақпалары мен есіктерінің бәрі жабық тұрған. Бұзып ашуға тура келді», – дейді вице-министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тағы бір қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр. Нақты қай бап бойынша іс ашылатынын тексеру көрсетеді. Базар өртенген күні «өрт қауіпсіздігін сақтамау» бабы негізінде іс қозғалғаны хабарланған.

Тұрсынбаев сауда үйі ғимаратындағы өртке не себеп болғаны әзірге белгісіз екенін айтты. Бірақ BIG Шанхайда қауіпсіздік талаптары сақталмағанын растады.

«Қылмыстық істі тергеу жүріп жатқандықтан, толық жауап бере алмаймын. Бірақ заң бұзушылықтар болғаны рас. Оның бәрі тергеу барысында ескеріледі», – деп мәлімдеді вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, 18 шілдеге қараған түні Астанада «Орда» базарының жанында орналасқан үш қабатты BIG Шанхай сауда үйі өртенді. Кешендегі өрт кешке қарай толық сөндірілді. Құтқарушылар базар маңындағы тұрғындарды, сол маңдағы мал базардағы жануарларды да қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүр болды.

Сауда кешені 2014 жылы ашылған. Мұнда 90-нан аса бутик болған. Мұнда негізінен киім, аяқ киім, ойыншық, жиһаз, электроника, азық-түлік, тұрмысқа арналған тауарлар сатылған.

Айта кетейік, 31 шілдеге қараған түні Алматы қаласы Наурызбай ауданы Қарағайлы ықшам ауданында орналасқан мейрамханалардың бірі өртенді.

Бірнеше күн бұрын кәсіпкер Марғұлан Сейсембаевтың Алматы облысы Ащыбұлақ ауылындағы құс фабрикасы өртке оранған.

Сондай-ақ оқыңыз