«Қайрат» пен «Слован» матчына билет қашан, қайда сатылады

Келесі аптада «Қайрат» пен «Слован», УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу туры аясында, алғашқы кездесуін өткізеді. Алматылық футбол клубы осы матчқа билет 1 тамызда саудаға түсетінін хабарлады.
Маңызды матч 6 тамыз күні сағат 20.00-де Алматы қаласындағы Орталық стадионда басталады. Словакиялық «Слован» Қазақстанға қонаққа келеді.
Жұмадан бастап саудаға түсетін билеттерді Ticketon сайты мен Qairat SuperApp қосымшасы арқылы сатып алуға болады. Футбол клубы сатылған билеттер қайтарылмайтынын ескертті.
«Маусымдық абонемент иесіне өз орнын сатып алу құқығы бірінші болып беріледі. Ticketon әркіммен жеке байланысады», – деп хабарлады ФК.
Билет алу барысында қиындық туындаса, мына нөмірлерге хабарласыңыз: +7 727 339 0347, +7 727 339 0348.
«Қайрат» билетті алыпсатардан сатып алмауға кеңес берді.
«Мұндай билеттің күші жойылуы мүмкін. Бұл жағдайда сіз матчқа кіре алмай қалуыңыз ықтимал. Ол жанкүйерлер мен ұйымдастырушыларға қиындық туғызады», – деп ескертті алматылық клуб.
Бұған қоса, клуб стадионға екі-үш сағат бұрын келуге, кезекке тұрмай-ақ үлкен футбол атмосферасын сезуге кеңес берді.
«Сіздің қолдауыңыз — біздің күшіміз!» – деп мәлімдеді алматылық клуб.
Естеріңізге сала кетейік, «Қайрат» футбол клубы тарихта алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу турының үшінші кезеңіне өтті. 29 шілдеде алматылық футболшылар «КуПС» фин командасын Орталық стадионда 3:0 есебімен жеңді.
«Қайрат» пен «Слован» арасындағы қарымта ойын 13 тамызда Словакия астанасында, Алматы уақытымен 23:15-те басталады.