
Премьердің бірінші орынбасары Роман Скляр үкіметтің ұлттық валютаға бағамына қатысты болжамын жеткізді. Вице-премьердің мәлімдеуінше, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы арзандайды.
31 шілдеде Астанада баспасөз конференциясын өткізген Роман Скляр Ұлттық банктің (ҰБ) бір күн бұрын валюта нарығына араласып, интервенция жүргізуіне қатысты сауалдарға жауап берді.
«Өздеріңіз де білесіздер, ҰБ – мемлекеттік билік органдарында үкіметке бағынбайтын өз алдына жеке мекеме. Ол қаржы-несие саясатын өз қалауынша жүргізеді. Қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екеніне ұзақ уақыт дауласуға болады, бірақ ол өзі дұрыс деп тапқан саясатты жүргізіп отыр», – дейді Скляр.
Бұған қоса, вице-премьер Қазақстандағы доллар бағамына қатысты болжамын жариялады.
«Доллар бағамы қанша болады деп сұрасаңыз, жеке пікірім мен әріптестерімнің болжамын айтайын: доллар бағамы кері шегінеді. Қазіргідей жоғары болмайды. Бағам талай мәрте көтеріліп, қайта орнына келген. ҰБ ол үшін қолдан келетін әрекеттің бәрін істейді. Содан кейін нарық соның ырығына бағынады», – деп мәлімдеді үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын – 30 шілдеде ұлттық влаютаның долларға шаққандағы бағамы 550 теңгеден жоғары көтерілген. Содан кейін Ұлттық банк ақша саудасына араласып, интервенция жасай бастаған. Қаржы нарығын қадағалаушы мекеме теңгенің құнсыздануын тежеу үшін қыруар ақша жұмсады.